Былтыр Өзбекстанға сыбайлас жемқорлықтан 120 млн доллардан астам шығын келді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – 2023 жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстанда сыбайлас жемқорлықпен байланысты қылмыстардың саны 15%-ға өсіп, одан келген залал 1,5 трлн сумнан ($124 млн) асты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Сыбайлас жемқорлық
Фото: ҚазАқпарат

Өзбекстан Бас прокуратурасының мәліметінше, былтыр сыбайлас жемқорлық бойынша 3 412 қылмыстық іс қозғалған. Бұл бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 15,1%-ға көп. 2023 жылы қылмыстық жауапқа тартылған лауазымды тұлғалар саны 14,7%-ға ұлғайып, 3 575 адамға жеткен.

Сотталғандардың ішінде министрлік, ведомство мен ұйымдардың республикалық деңгейдегі 49 маманы, облыстық дәрежедегі 267 шенеулік пен аудандық, қалалық бөлімшелердің 3 259 қызметкері бар.

Ең көп таралған қылмыс түрі - мүлікті жымқыру. Осындай әрекеттер үшін 2 205 өзбекстандық сотталған. Ал лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін 397 адам темір торға қамалды. Алаяқтық бойынша – 272, парақорлық үшін 195 азаматқа жаза кесілді. Лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланған - 30, қызметіне немқұрайлы қараған 25 адам мен басқа қылмыстар үшін 415 адам сотталған.

Осы қылмыстардың салдарынан мемлекет пен қоғамдық мүддеге 1,546 трлн сум (2022 жылы - 1,12 трлн сум) көлемінде залал келді. Алдын ала тергеу барысында мемлекет пайдасына 1,31 трлн сум өндірілді. Бұл - залалдың 84,7 пайызы.

Соңғы жаңалықтар