Былтыр шаруаларға 5 млрд теңге субсидия негізсіз берілген
АСТАНА. KAZINFORM — Сенат депутаты Арман Өтеғұлов 2024 жылғы бюджеттің игерілуі туралы есепті талқылау кезінде ауыл шаруашылығында субсидия заңсыздықтарды атады.

— Соңғы бес жылда ауылшаруашылық саласына 2,2 трлн теңге бөлініп, тек 2023-2024 жылдары жалпы сома 1 трлн теңгеге жетті. Бұл — аз қаражат емес. Алайда, 2024 жылы жануарлар мен өсімдіктерден алынатын өнімдер және дайын азық-түлік тауарларының экспорты 5 млн доллар ғана болған. Яғни барлық экспортталатын өнімнің 6,2%-ы ғана. Ал елімізге сырттан келетін импорт көлемі 6,7 млн долларға жетіп, 11% болған. Бұл импортқа тәуелділіктің әлі де жоғары екенін көрсетеді, — деді Сенат депутаты.
Оның айтуынша, субсидиялар мен жеңілдетілген несиелерді заңсыз беру фактілері де азаймай отыр.
— Субсидияға өтінім беріп, күту парағына тіркелген шаруаларға төленуі тиіс қаражат көлемі 373 млрд теңгеден асты. Бұл тек 8 субсидия түрі бойынша ғана алынған мәлімет.
Яғни, субсидияға бөлінген қаражаттың 50 пайыздан астамы күту парағындағы қарыздарды жабуға жұмсалады деген сөз. Осы салаға жүргізілген аудит нәтижесіне келетін болсақ, қызметін тоқтатқан немесе кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын 2 500 нысанға 5 млрд теңге негізсіз субсидия төленген. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласына қатысы жоқ 2 900 субъектіге 5,4 млрд теңге көлемінде экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші (ОКЭД) көрсетілмей субсидия берілген, — деді Арман Өтеғұлов.
Былтыр Жоғары аудиторлық палата елдің оңтүстігінде «108 жастағы» сиырға субсидия төленгенін растаған еді.