Былтыр сүт өндіру көлемі қаншалықты артты
АСТАНА. KAZINFORM — Сүт өндіруде ауыл шаруашылығы құрылымдарының үлесі 39 пайызға жетті. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім болды.

- Сүт өндірудің тұрақты дамуын қамтамасыз ету және халықты сапалы сүт өнімдерімен қамту мәселесінің маңыздылығын ескере отырып, мемлекет ауылдық жерлерде сүт бизнесін дамытуға ерекше назар аударып отыр. Белгілі болғандай, 2023 жылы Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында бөлінген 100 млрд теңге көлеміндегі қаражат есебінен 69 сүт-тауар фермасы (СТФ) қаржыландырылды, оның ішінде жылдық қуаты 268 мың тоннадан астам болатын 39 СТФ іске қосылды, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Ведомство ақпаратына қарағанда, 2024 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша республикадағы барлық шаруашылық санаттарында сүт өндіру көлемі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3571,9 мың тоннаға (104,4%) дейін өсті, оның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдарында – 1392,7 мың тоннаға (108,1%).
- Сүт өндіруде ауыл шаруашылығы құрылымдарының үлесі – 39%, ал жеке үй шаруашылықтарында – 61%, - деп аталып өткен Ауыл шаруашылығы министрлігі ақпаратында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Солтүстік Қазақстан облысының сүт-тауар фермаларын салу тәжірибесі тұтас республикаға таралып жатыр.
Ақмола облысында 7 тауарлы сүт фермасы салынып жатыр.