Былтыр Үкіметке сумен байланысты 70 мыңдай шағым түскен
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында облыс әкімдіктерінің сумен жабдықтаушы ұйымдармен жұмысын сынады.
– Өңірлерден ауызсу сапасы мен жиі берілмей қалуына, сумен жабдықтау желілерінің тозғанына, жөндеу жұмыстары мен іске қосу мерзімдерінің созылып кетуіне байланысты шағымдар түсіп жатыр. Жақында ғана Орал және Теміртау қалаларының тұрғындары судың сапасына қатысты мәселе көтерді. Жалпы былтыр сумен жабдықтау мәселесі бойынша мемлекеттік органдарға 70 мыңға жуық арыз-шағым түсті. Бұл өңір әкімдіктері не мердігерлермен, не қызмет көрсетуші ұйымдармен қажетті жұмыс жүргізбей отырғанын көрсетеді, - деді ол.
Үкімет басшысыжаңадан қосылған сумен жабдықтау немесе су бұру нысандарын тиісті дәрежеде күтіп ұстау шаралары қабылданбайтынын, ауызсу сапасының нормалар сақталмайтынын атап өтті.
– Осыған байланысты әкімдіктер әрбір шағым бойынша тексеру жүргізіп, міндетін адал атқармаған ұйымдарға қатаң шара қолдану керек, - деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ бүгінгі Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Сырдариядан келетін судың азайып жатқанын «объективті шындық» деп сипаттады.