Былтыр жол құрылысы технологиясының бұзылуына қатысты 4,2 мың дерек анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Былтыр жол құрылысы технологиясының бұзылуына қатысты 4,2 мың дерек анықталды. Бұл туралы Үкімет отырысында «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаев айтты.
- 2025 жылдың қорытындысы бойынша Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының жол құрылысы жұмыстарын қамтуы 99 пайызды құрады. Кәсіпорын 47 мыңға жуық материал сынамасын өткізді. Оның ішінде 32,5 пайыз немесе 15,3 мың сынаманы қолдануға жол берілмеді. Сондай-ақ, 4,2 мыңнан астам жұмыс технологиясының бұзылуы мен ақаулар анықталып, 3,5 мыңы жойылды. Орташа жөндеу объектілеріне арналған ведомстволық сараптама аясында 1,7 мың оң қорытынды берілді. Оның ішінде республикалық желі бойынша - 79 жоба және жергілікті жолдар бойынша - 1,6 мың жоба, - деді орталық басшысы.
Оның айтуынша, диагностика жол желісін объективті басқарудың негізгі құралы саналады. Ол жөндеудің басымдықтарын анықтауға, қалдық ресурсты есептеуге және бюджетті негізді бөлуге мүмкіндік береді. Кешенді аспаптық тексеру жүк көтергіштігі, жабынның ақауы, көпірлер мен құбырлардың жай-күйі, тегістігі, табандылығы, қозғалыс қарқындылығы және жол белгілерін өзектендіру көрсеткіштері бойынша жүргізіледі.
- Алынған көрсеткіштер жолдардың жай-күйін визуалды бағалау негізінде емес, олардың техникалық жай-күйі мен қауіпсіздік деңгейін объективті бағалауды қамтамасыз ететін дәл өлшенетін деректер негізінде анықтауға мүмкіндік береді. Диагностикамен толық қамтылмай, жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдар желісін цифрландыру мүмкін емес. Қазіргі уақытта республикалық желіні қамту - 90, ал жергілікті желі небәрі 16 пайызды құрайды, - деді Болатбек Айтбаев.
Айта кетейік, Үкімет алдағы 3 жылда 32 мың шақырым өңір жолдарының нормативтік деңгейін 95 пайызға дейін көтеруді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар биыл бірқатар өңірлік жолдың құрылысы басталмақ.