Бір аптада Қазақстанда 3 мыңнан астам қылмыс жасалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен аптада елімізде 3124 қылмыс жасалды, оның 2 мыңнан астамы ізін суытпай ашылған. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бір аптада Қазақстанда 3 мыңнан астам қылмыс жасалды

«Бір апта ішінде 3124 қылмыс жасалды, оның арасында 2104 іс бір тәулік ішінде ашылды.

Полиция қызметкерлері ізін суытпай кісі өлтіруге қатысты – 9, өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруге қатысты – 5, қарақшылық – 5, тонау – 47 және бөтен мүлікті ұрлауға қатысты 454 қылмысты ашты», - деді Нұрділдә Ораз Ішкі істер министрлігі ұйымдастыратын апталық брифингіде.

Бұған дейін ресми өкіл Қазақстандағы ең ірі қаржы пирамидасы QUESTRA WORLD-қа қатысты іс сотқа берілгенін хабарлаған еді.

Тергеу барысында 2016 жылдың наурызынан 2017 жылдың маусымына дейін Испания, Кабо-Верде және Ресей азаматтары Қазақстан аумағында QUESTRA WORLD қаржы пирамидасын құрып, оны қазақстандықтар да тартылған трансұлттық ұйымдасқан топ құрамында басқарғаны анықталды. Пирамида басшылары салынған соманың 336% дейін табыс табуға кепілдік беріп, салымшыларға виртуалды валютаны пайдалану арқылы 90-нан 500 мың еуроға дейінгі ойдан шығарылған инвестициялық портфельдер сатып алуды ұсынған.