Бір әулеттің 11 адамы суға кетті: Марқұмдардың ең үлкені 40 жаста, ең кішісі 6-да болған

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында Сырдария суына батып кеткен 11 адамның 3 –уі табылмай жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бір әулеттің 11 адамы суға кетті: Марқұмдардың ең үлкені 40 жаста, ең кішісі 6-да болған

Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті суға батып кеткен үш адамды іздеу жұмыстарының суреттерін жариялады. Онда құтқарушылардың су астында және жағалауларда іздеу жұмыстарын тоқтаусыз жүргізіп жатқанын көруге болады. Қайыққа мініп, су ортасындағы қиындықтарға қарамай өз міндеттерін үлкен жауапкершілікпен атқарып жатыр.

Суға батып кеткен тұрғындардың баршасы Көксарай ауылында тұратын бір әулеттің адамдары. Тіпті тектері де бірдей. Марқұмдардың ең үлкені 40 жаста болса, ең кішісінің жасы 6-да болған.

Ал, бүгін желіде марқұмдарды көмуге арналып жер қазылып жатқаны туралы видео тарап кетті. Ондағы қатар қазылған жердің көрінісі әрбір жүректі ауыртары анық.

Еске салайық, қайғылы жағдай Отырар ауданындағы Сырдария өзенінен өтетін көпір маңында болды. Суға кеткендердің барлығы 4 ағайындының отбасы мүшелері, олар тыйым салынған жерге шомылуға барған.

Суға кеткен 11 адамның сегізінің денесі табылды. Қалған 3 адамның мәйітін іздеу жалғасып жатыр.