Бір күнде екі жерде газ баллоны жарылып, адамдарды күйік шалды

Түркістан облысы Ордабасы ауданының Шұбарсу ауылында тұрмыстық газ баллонын пайдалану кезінде редуктордың дұрыс жұмыс істемеуінен газ-ауа қоспасы жарылып, 12 шаршы метр алаңда үйдің төбесі мен жиһаз өртенді. 2009 жылы туған қыз бала күйік алып, ауруханаға түсті.
Екінші оқиға Тараз қаласында болды. Газ плитасының дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты газ-ауа қоспасы жарылған. 1979 жылғы әйел адам күйік шалып, ауруханаға жеткізілді.
Екі оқиға да газ жабдығын пайдалану ережелерін бұзу салдарынан болған.
«Халықты қауіпсіздік мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз! Газ жабдығын уақтылы тексеріп, жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Балаларға тұрмыстық газ құралдарын дұрыс пайдалануды үйретіңіздер. Газ баллондарын тек мамандандырылған ұйымдарда толтырыңыздар. Тұрмыстық газ баллондарын жанармай құю станцияларында толтыруға тыйым салынады», - деп ескертеді министрліктен.