Бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша үлкен тартыс болады - Алуа Жолдыбалина

Мұндай пікірді КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» Ұлттық сараптама алаңының отырысында ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматыда КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat Ұлттық сараптама алаңының отырысы өтіп жатыр.
Шараға сарапшылар, саясаттанушылар, ғалымдар, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қызметкерлері мен Қырғызстанның ұлттық зерттеулер институтының мамандары қатысып жатыр.
«Бүгін біз аралас сайлау жүйесін талқылап жатырмыз. Биыл ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы аралас сайлау жүйесімен жүзеге асады. Оның өзіндік ерекшелігі, артықшылығы және қиыншылығы бар. Бұл тәжірбиені Қырғызстан мемлекеті көп жылдан бері қолданып келеді. Сондықтан біз әріптестерімізбен осы тақырыпты кеңінен талқыладық. Жалпы, әлемнің көптеген мемлекеттері, Парламенттік республикалардың көбі аралас сайлау жүйесін қолданады. Оның өзіндік тиімділігі бар. Әсіресе, аймақтар үшін. Себебі, аймақтан өзінің өкілі болады. Бұл саяси партиялардың да бәсекелестігін арттырып, жұмысын жандандыруға және аймақтардың өкілі ретінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді»,- дейді Алуа Жолдыбалина.
Сонымен қатар, спикер 29 депутат бір мандатты сайлау округтері бойынша сайланатынын еске салды.
«Бір мандаттық округтер бойынша барлығы 609 кандидат ұсынылды. Олардың бәрімен жеке-жеке жұмыс істеу мүмкін емес. Яғни бұл жерде кандидаттардың өз еркінде. Заң шеңберінде үгіт - насихат жұмыстарын жүргізеді. Партиялардың тізімінде азырақ - 283. Сондықтан бір мандаттық аумақтық округтің ішінде үлкен бәсекелестік, тартыс болады. Әсіресе, Астана, Алматы қалалары мен Ақтөбе, Атырау, Алматы облыстарында өзін өзі ұсынған кандидаттардың саны өте көп. Сондықтан бір мандаттық аумақтық округтің ішінде қызу тартыс болады, әркім өз бағдарламасын ұсынғандықтан бәсеке де қызады»,- дейді спикер.
Айтуынша, алдағы сайлау мәслихатқа үлкен өзгеріс әкеледі.
«Себебі, ауданға өткен депутат өзінің жұмысын толыққанды атқара алмаса, сайлаушылар өздерінің шағымдарын бере отырып депутат мандатын кері қайтара алады. Облыста да солай. Бұл өте тиімді механиз. Бұл қоғам тарапынан бақылау механизмі» - деп атап өтті ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина.
Айта кетсек, Мәжіліс депутаттарын кезектен тыс сайлау 19 наурызға белгіленді.