Бір өзі 27 рет көлік ұрлығын жасаған жігіт қолға түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкенттің полицейлері бірнеше ондаған көлік ұрлаған күдіктілерді ұстады. Қолға түскендердің жыл басынан бері 40-қа жуық қылмысқа қатысы бар.
None
None

Солардың бірі - қалалық ішкі істер басқармасының жедел уәкілдері ұстаған 24 және 22 жастағы екі жігіт тек БМВ маркалы көліктерді ұрлап келген. Темір тұлпарды бөлшектеп, сауда нүктелеріне өткізіп жіберіп отырған екен. Бұған қоса 15 қылмысқа қатысы бар күдікті ұсталды.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер тағы бір күдіктіні қолға түсірді. Ол 1988 жылы туылған Шымкент қаласының тұрғыны. Күдіктінің 15 қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Оның 8-і автокөлік ұрлығы болса, 7-еуі автокөліктен ұрлау деректері»,- дейді Шымкент ҚІІБ бастығының бірінші орынбасары Ермахан Әбдраманов.

Сондай-ақ, жалғыз өзі 27 көлік ұрлығын жасаған күдікті де қолға түсті. 30 жастағы Шымкент тұрғыны бұған дейін сотты болған. Түрме сабақ болмаса керек, 3 рет автокөлік айдап кетсе, 24 машинаны тонаған.

Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 20 миллион теңгеге жуық. Қазір ұрланған автокөліктердің біразы және бағалы заттар айғақ зат ретінде тәркіленіп, заңды иелеріне қайтарды.

Аталған жайттар бойынша қылмысты кодекстің 188 (ұрлық) және 200-баптары (автокөлікті заңсыз айдап әкету) бойынша іс қозғалды. Күдіктілер қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды otyrar.kz.

Соңғы жаңалықтар