Бір Ұлытаудың өзі – қыруар табыс көзі
Өңірдің туристік тартымдылығының жоғары деңгейі рекреация мен туризмді дамытуға қажетті туристік ресурстардың ауқымды шоғырына байланысты болатындығы даусыз. Өңірдің қолайлы географиялық орны, антропогендік фактордың әсері айтарлықтай байқалмайтын жақсы күйінде сақталған бірегей табиғи әлеуеті, осы өңірде сан ғасырлар бойы жинақталған тарихи-мәдени мұраның бай қоры туризмді дамытуға аса қолайлы үйлесім тапқан. Өңірдің тарихи-мәдени және табиғи туристік ресурстарының бірегей үйлесімі бұл аймақта туризмнің заманауи формаларын дамытуың қолайлы негізі мен алғышарттарын қалыптастырады. Дегенмен бұл өңір рекреациялық туризм тұрғысынан жеткілікті дәрежеде насихатталмайтындығымен ерекшеленеді. Ал бұл жағдай өз кезегінде туристік тұрғыдан қалыптасудың тек бастапқы кезеңінде ғана тұрған өңірдің туристік индустриясын дамыту үрдісін тежейтін басты факторлардың бірі болып отыр. Ұлытау өңірі туризмін дамытуға бұрын-соңды айрықша мән берілмеген, өңірді Қазақстанның орталық бөлігіндегі ірі туристік орталық ретінде дамыту мәселесі де негізделген ғылыми тұрғыдан қолға алынған емес. Алайда қазіргі таңда аталған өңірге деген қызығушылық өсіп келеді.
Осы өңірде туризмді дамытудың алғашқы алғышарттарын қалыптастыру мен тетіктерін құрудың бастапқы қадамдары да жасалуда. Ұлытау өңірінің жоғары әлеуеті өзінің сан алуан тарихи, мәдени, табиғи ресурстарының негізінде туризм мен рекреациялық қызметтің бірқатар түрлерін дамытуға толығымен жетеді. Ұлытау өңірі күшті туристік әлеуетке ие болғанымен, бұл әлеует туризм мақсатында тиімді, рационалды түрде дұрыс пайдаланылып жатқан жоқ, өңірдің бірегей, қайталанбас туристік ресурстары да экономикалық тұрғыдан тиімді игеріліп жатқан жоқ. Үш жүздің басы біріккен, талай тарихи тартыстардың куәсі болып, қазақ қауымының киелі бесігі болған ұлы даланы көрмеген қазақтар қаншама. Тіпті кіндік қаны ұлылықтың ұйтқысы саналатын жерге тамып, дала төсінде туып-өсіп, жылдар бойы топырағын басып, тасын теуіп келе жатқан жапсарлас елді мекендердің қазақтары да «Бодрумға» ай сайын барып жатса да мына тұрған Ұлытауға ат басын бұрмапты. Бұл - ішкі туризмді дамыту тетіктерінің осалдығын танытады. Туризм саласындағы маркетингтің мардымсыздығынан әлем түгіл ішкі нарықтың өзінде өңір имиджін қалыптастыра алмай отырмыз.
Туристік ресурстар жоқ жерде туризмнің дамуы әсте мүмкін емес. Жекелеген туристік ресурстар туризмді шектелген кеңістікте ғана дамытуға мүмкіндік береді, ал Ұлытау өңірінің туристік ресурстарының сан алуан, әрі бай да бірегей қоры туризмді кең көлемде дамытып, туризмнің көптеген түрлерін бір мезгілде қалыптастыруға және де оны болашақта қарқынды түрде өрістетуге жол ашады.
Ұлытау өңірінің туристік әлеуеті өте жоғары. Бұл өңірдің табиғи- туристік ресурстары тарихи-танымдық, ғылыми-археологиялық, этникалық, экзотикалық, экстерималды туризм түрлерін қалыптастырып дамытуға қолайлы жағдайлар жасайды, яғни туристік ресурстарды бағдарына сай дұрыс әрі оңтайлы түрде тиімді пайдалану жоғары экономикалық тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Ұлытау өңірінің табиғи туристік ресурстарының бай қоры мен жоғары туризмдік әлеуеті осы артықшылықтарды дұрыс қолдана білсек, аталған өңірді ірі рекреациялық ауданға айналдырады. Өңірдің рекреациялық аймақ мәртебесі аясында дамуы туристік ресурстарды пайдаланудың экономикалық тиімділігін арттыра түседі, себебі Ұлытау маңындағы қалалар (Жезқазған, Сәтбаев), аудандар, ауылдар мен елді мекендердің жергілікті халқы да рекреацияға аса мұқтаж. Жергілікті халықтың 81 пайызға жуығы тау-кен өндірісі мен металлургия саласындағы еңбек ресурстарының қатарында, сондықтан да рекреацияға сұраныс нарықтың осы сегментінің қажеттілігіне сай қалыптасады. Негізінен ауыр еңбекпен айналысатын осы өңірдің жергілікті халқы үшін жұмыс істеу барысында сарқылған физикалық әл-қуатты қалпына келтіру өте маңызды, сондықтан да рекреациялық тынығуға бүгінгі күні үлкен сұраныс қалыптасқан. Табиғи туристік ресурстар оларға деген сұраныс пен оларды туристік шаруашылық тарапынан игеру жағдайлары қалыптасқан кезде ғана экономикалық тиімділігі бар ресурс ретінде қарастырыла алады. Сұраныстың ұлғаюы және рекреациялық құндылықтарға қатысты талаптардың айқындалуы, халықтың мәдени дәрежесінің өсуі туристік ресурс ретінде қолданылатын объектілердің санын көбейтуге септігін тигізеді, олардың көбісі қайта қалпына келтіру мен жөндеу жұмыстарынан соң экскурсиондық көрме ісінде қолданыс табады.
Туризмнің әр түрлі түрлерінде қолданылатын ресурстардың өзіндік сипатталамалары мен ерекшеліктері бар. Физикалық күшті қалыпқа келтіруге ықпал ететін туристік демалыс судың, өсімдік әлемінің, жер бедерінің және өзге де табиғаттың құрамдас бөлшектерінің жағымды жағдайлары негізінде жүзеге асады. Санаторлық-курорттық демалыс үшін минералды сулар мен емдік балшықтардың сан алуан түрлері, емдік әсері бар климат, айрықша микроклиматы бар үңгірлер (спелеотерапия) қолданылады. Осы аталған ресурстардың біразы Ұлытау өңірінде шоғырланған. Спорттық демалысқа да Ұлытау өңірі аса қолайлы. Спорттық туризм мен категориялық саяхаттар үшін Ұлытау өңіріне тән асулы, өткелді, қыратты жер бедері мен халықтың аз қоныстануы сынды қасиеттер айрықша маңызға ие. Ұлытау өңірінің тарихи-танымдық әлеуеті - тарихи туризмді дамытудың негізі. Экскурсиондық туризм объектілері ретінде тарихи, мәдени, табиғи құндылықтарды, қазақ халқының бай фольклорлық мұрасы мен этнографиялық құндылықарды қарастыруға болады.
Ұлытау өңірінің табиғи туристік-рекреациялық ресурстары мен тарихи туристік ресурстары туризмнің аймақтық ұйымдастырылуына, туристік орталықтар мен аудандардың қалыптасуына және де олардың экономикалық тиімділігіне қол жеткізуге қомақты ықпалын тигізеді. Себебі өңірдің туристік ресурстарының бай әлеуеті мен бірегей шоғыры осы аймақта туризмді дамытудың маңызды алғышарттарын қалыптастырады. Сондықтан да ұлан-ғайыр ұлылықтың ұйтқысына айталған ұлы даланның ұлылығын ұғынып, барымызды базарлап, байлығымызды бағалап өзімізде барды өзгеден іздемей аймақтық туризмді айрықша назарға алған абзал. Еліміздің өзге аймақтарын қоспағандағы бір Ұлытаудың өзі - бағалай білсек, қыруар табыс көзі.
Қазіргі таңда қазақстандық туристік индустрия әлемдік нарыққа белсенді түрде енудің бастапқы қадамдарын жасауда. Туризмнің дамуы жұмыс орындарын қалыптастыру мен шағын кәсіпкерлікті дамыту ісін жандандырып, көлік, байланыс, қызмет саласы, сауда-саттық, құрылыс, халықтық тұтыну тауарларының өндірісі сынды салалардың қызметіне оң әсер етіп, туристік индустриямен ұштаса дамуына септігін тигізеді және Қазақстан Республикасы экономикасының тиімділігін арттырудың басым бағыттарының бірін құрайды.
Дүниежүзілік тәжірибеге көз жүгіртсек, әлемнің көптеген алдыңғы қатарлы елдерінің экономикасына нұқсан келтіріп, жылдар бойы жетілген қарқынды даму тетіктерін шайқалтып кеткен дүниежүзілік дағдарыс кезеңінде туристік инфрақұрылымы ежелден қалыптасқан әлем елдері экономиканы тұрақтандырудың, әрі оның дамуын бірқалыпты өрістетудің бір жолы ретінде туризмге арқа сүйеген болатын. Туризм - ел экономикасын кемелдендірудің тиімді жолы мен қомақты кіріс көзі. Мемлекетіміздің туризнің дамуына айрықша мән беріп отырғандығының бір себебі де осыған байланысты болатындығы сондықтан.
Осыған орай, Қазақ елі өзінің табиғи, тарихи, мәдени құндылықтарын әлемге әйгілеп, шет елдік туристерді бірегей болмысымен қызықтыра алатын туризм тұрғысынан тартымды имиджін қалыптастырудың қарышты қадамдарын жасап келеді. Азияның айбарлы арландарына Томирис ұрпағының тарландары мекен етіп отырған ұлы даланың текті де тегеурінді қуаты мен қайталанбас дара болмысын, тамырын тереңге жайған 3000 жылдық тарихы бар көшпенділер өркениетінің өрнектерін келісті де абыройлы түрде айғақтай білген 7-қысқы Азия ойындарының еңселі еліміздің туристік тартымдылығына айрықша реңк бітіріп, шет ел азаматтарының қызығушылығын оятқандығы хақ. Сән-салтанатымен, қонақжай салтымен, бейбіт те берекелі қалпымен әлем назарына іліккен Азия ойындары бүгінгі күні ел беделін биіктетіп, мәртебесін марқайтып жатса, болашақта тылсымы зерттелмеген, сыры ашылмаған теңіз түбіндегі маржандай жарқ еткен жазиралы даламызға, жайдары елімізге туристер легінің көптеп тартылуына септігін тигізіп, келешек көктемінің жаршысындай үкілі үмітті жандандыра түседі.
Қазіргі таңда елімізде аймақтық туризмді дамытудың бастамалары байқалады. «Ақтау-Сити», «Кендірлі», «Жаңа Іле», «Бурабай» сынды мемлекеттік әрі экономикалқы маңызы жоғары жобалар - соның айғағы. Республикамыздың аймақтары мен жекелеген өңірлерін дамытудың, соның ішінде ауылды көтерудің бір жолы ретінде аймақтағы туризмді дамыту жобасына арқа сүйеген абзал. Себебі аймақтағы туризм дамуының жолға қойылуы қосымша жұмыс орындарының пайда болуына, туризммен сабақтас өзге де инфрақұрылымдардың жетіліп, бірқатар әлеуметтік мәселелердің өз шешімін табуына септігін тигізеді.