Бір үйден үш бірдей бүлдіршін қазақ мектебінде оқып жүр

Варвара қазір мұнда төртінші, Павел үшінші сыныпта оқитын болса, Богдан кеше мектепке алғаш рет барды. Балалардың әкесі Станислав Качало - облысқа танымал адам, кезінде облыс әкімінің орынбасы қызметін де атқарған ол қазір «Казармапром» ЖШС бас директоры. Бүлдіршіндердің анасы Елена Петровнаның сөзіне қарағанда, қызы Варвара мемлекеттік тілді меңгеруді «Балапан» балабақшасынан бастаған. Қазір ол қазақ тілінде білім алумен бірге фортепианода шеберлігін жетілдіреді. Ал Павел биылдан бастап домбыраны үйренбекші. Богдан да болашақта мұндай құлшыныстан тыс қалмақ емес.
Қазақстан Үкіметі барша қазақстандықтың он жылдан кейін түгелге дерлік мемлекеттік тілді білуі қажеттігін міндет етіп отырғаны белгілі. Балаларын қазақ мектебіне берген Качалолар отбасының бұл жағынан олқы соқпасы анық.