Бір жылда 61 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оның төртеуі қызметінен босатылды - БҚО

Брифингте мәлім етілгеніндей, өткен жылы тәртіптік кеңес 11 отырыс өткізіп, онда 9 мемлекеттік мекеме басшылары мен әкімдердің есебі тыңдалып, 74 тәртіптік іс қаралды. 62 адамды түрлі тәртіптік жазаға тарту ұсынылса, 12 мемлекеттік қызметкердің ісі мәні бойынша шешім қабылдау үшін мекеме басшыларына жолданды. Соның ішінде біреуі облыс прокуратурасына әкімшілік іс қозғау үшін жіберіліп, Теректі аудандық сотының шешімімен ауданның бұрынғы әкімі Алексей Горобцовқа 50 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
«ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы мен ҚР мемлекеттік қызметшілері Ар-намыс кодексінің талаптарын бұзғаны үшін 61 адам тәртіптік жазаға тартылса, соның ішінде төртеуі, атап айтқанда, БҚО білім басқармасына қарасты №13 кәсіптік лицей директоры Ақболат Айтқалиев, Орал қалалық білім беру бөлімі бастығының орынбасары Венера Иманғалиева мен сектор меңгерушісі Елена Силантьева, Теректі аудандық әділет басқармасының бастығы Марат Демеуов жұмысынан босатылды.
Жыл ішінде Орал қаласынан 12 мемқызметкердің ісі қаралса, аудандардан бұл жөнінен Жаңақала (6) көш бастап тұр. Сондай-ақ БҚО салық департаментінен 10 адам тәртіптік кеңестің алдына келді.
Аталмыш басқарма мен тәртіптік кеңес 2010 жылы жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша 20 рет тексеріс жүргізіп, соның қорытындысымен 5 лауазымды тұлға тәртіптік жаза алып, біреуі қызметімен қош айтысты.