22:23, 13 Шілде 2023 | GMT +5
Бірінші лигада «Ақжайық» Ақтөбеде жергілікті команданы жеңді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Футболдан бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының 15-турында Ақтөбеде «Ақтөбе-Жас» командасы Оралдың «Ақжайығын» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Премьер-лигаға оралудан әлі де үміт үзе қоймаған оралдықтар үшін бұл матч маңызды еді.
Бірінші таймда 37-минутта «Ақжайықтан» Ақтау футболының түлегі Бақдәулет Көңілімқос есеп ашты – 1:0.
Екінші кезеңде қос клуб қанша тырысқанымен, есеп өзгерген жоқ.
Осылайша, ақтөбелік маман, бұрын «Ақтөбе-Жасты» баптаған Игорь Прохницкий жаттықтыратын «Ақжайық» 28 ұпаймен турнир кестесінде бұрынғыша үздік үштікті түйіндеп тұр.
Оралдықтар келесі турда 20 шілде күні өз алаңында «Екібастұзды» қабылдайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан құрамасының ойыншысы «Тобылдан» «Астанаға» ауысқанын жазған едік.
Сондай-ақ бірінші лигада «Түркістан» үздіктерге жақындай түсті.