Бірінші лигада «Ақжайық» футбол клубы «Таразды» ойсырата ұтты

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Футболдан бірінші лига командалары арасында ел чемпионатының 12-турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Таразды» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: Айбатыр Нұраш

2022 жылы премьер-лигада өнер көрсеткен қос команда да биылғы маусымда жанкүйерлер көңілінен шыға алмай келеді.


Өткен турда күтпеген жерден сырт алаңда «Жас Қыранға» 0:4 есебінен ойсырай ұтылған оралдықтарға шегінер жер жоқ еді.

Бұл жолы қазақстандық маман Игорь Прохницкийдің шәкірттері «Тараз» қақпасының кілтін таба білді. Украиналық легионер Микола Агапов 37-інші және 57-минутта мергендік танытты. 65-минутта армениялық Завен Бадоян есепті 3:0-ге жеткізді. Орал футболының түлегі, тәжірибелі Мейрам Сапанов 87-минутта матч нүктесін қойды.


Осылайша, қарсыласын 4:0 есебімен тізе бүктірген оралдықтар 22 ұпаймен турнир кестесінде төртінші орында келеді. Көш басындағы Семейдің «Елімайы» (29 ұпай) мен екінші орындағы Түркістанның «Тұраны» (28 ұпай) қалған командалардан едәуір ұзап кетті. Оларды қуып жетіп, премьер-лигаға жолдама алу қиынға түсетіні анық. Оған қоса 24 ұпайы бар астаналық «Жеңіс» үздік үштікті түйіндеп тұр.

Келесі турда 29 маусымда Түркістанда «Тұранмен» өтетін кездесу «Ақжайық» үшін аса маңызды болмақ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан бірінші лигада «Ақжайықтың» ірі есеппен жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Роналду ұлттық құрама сапында 200 рет алаңға шыққан тұңғыш футболшы атанды.


Соңғы жаңалықтар