15:38, 12 Мамыр 2009 | GMT +5
Бірінші тоқсанда еліміздегі сауда операцияларының оң сальдосы 2 млрд. АҚШ долларынан асты - ҚР ҰБ төрағасы
АЛМАТЫ. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - 2009 жылғы бірінші тоқсанда еліміздегі төлем балансының ағымдағы операцияларының шоты 1 миллиард АҚШ долларынан астам көлемде жетіспеушілікпен қалыптасты. Бұл туралы бүгін Алматыда Қазақстандағы қаржы ахуалы туралы арнайы өткен баспасөз мәслихатында ҚР ҰБ төрағасы Григорий Марченко мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.2009 жылғы қаңтар-наурызда 2008 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда тауарлар экспорты 8,2 миллиард АҚШ долларын құраған. Бұл ретте кедендік статистика деректері бойынша мұнай және газ конденсаты экспорты 5 миллиард АҚШ долларына азайып, 4,6 миллиард АҚШ долларын құраған. Бірінші тоқсанда тауарлар импорты 2008 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 15,6 пайызға төмендеген. Тұтыну тауарлары тобының жиынтық импорты 27 пайызға азайған, оның ішінде азық-түлік өнімдерін әкелу 17,0 пайызға, ал азық-түлікке жатпайтын тұтыну тауарларын әкелу 33,0 пайызға қысқарған. Импорттың жалпы көлеміндегі үлесі 79,0 пайыздан асқан. Аралық өнеркәсіптік тұтыну тауарлары мен инвестициялық тауарлардың импорты 2008 жылғы бірінші тоқсандағымен салыстырғанда 12,4 пайызға азайған. Нәтижесінде сауда операцияларының оң сальдосы 2 миллиард АҚШ долларынан асқан. (2008 жылғы 1-тоқсанда - 8,6 миллиард АҚШ доллары). Қазақстанға шетелдік тікелей инвестициялардың таза түсімі 2,5 миллиард АҚШ долларынан асқан. Ал қазақстандық резиденттердің шетелдік еншілес кәсіпорындарға
инвестицияларының нетто-әкетілуі 300 миллион АҚШ долларына жуық болды. Нәтижесінде тікелей инвестициялау операциялары бойынша оң баланс 2,2 миллиард доллардан асқан (2008 жылғы 1-тоқсанның қорытындысы бойынша - 1,8 миллиард АҚШ доллары). Бірінші тоқсанда банктердің сыртқы активтері 1 миллиард АҚШ долларына өскен, ал банк секторының сыртқы міндеттемелері 3,8 миллиард долларға жуық азайған. Сондай-ақ өткен тоқсанда қоржындық инвестициялармен операциялар бойынша капиталдың нетто-ағыны 4 миллиард долларды құраған.