Бірінші топтағы мүгедек Г.Трищенков: Адамды уайым-қайғыдан, басқа да қиын жағдайлардан құтқаратын - еңбек

ОРАЛ. 11 қазан. ҚазАқпарат -  Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» мақаласында атап өтілгеніндей, өмірде бәрі де еңбекпен келеді.
None
None

Тіпті кейбір жандар мүгедектігіне қарамастан, қайсарлығымен өз жолын тауып, мақсатына жетеді. Орал қаласында тұратын бірінші топтағы мүгедек Гордей Трищенков - осындай жан.

Тағдыр оны туғаннан-ақ сынға салды. Жарық дүниеге аяқ-қолсыз келген оған жүріп-тұруға, еңбек етуге мүмкіндік жоқтай еді. Алайда өзінің атына сай Гордей бәріне төзімділікпен қарап, адамша өмір сүруге ұмтыла білді.

«Меніңше, адамды уайым-қайғыдан, басқа да қиын жағдайлардан құтқаратын бір-ақ нәрсе бар. Ол - еңбек. Мүгедек болғаныммен, жұмыс таба алмай, үйде отырып қалған кезім жоқ. Мен алғашқы еңбек жолымды Қазақстан инженерлік-технологиялық жүйелер университетінің 4-курсында оқып жүрген кезімде бастадым. 2010 жылы ақша табу мақсатында қаладағы №1 емханада уақытша жүйелік әкімгер қызметін атқардым. Осы жерде бір жылдай жұмыс істеп тәжірибе жинақтаған соң, «Жайық-Пресс» ЖШС-на дизайнерлік жұмысқа келдім. Содан соң «Дизайнер Реклама» ЖК-не ауыстым. Қазіргі таңда «Жайық-Пресс» ЖШС-на қайтадан келіп, «Жайық-Пресс» сайтының әкімгері міндетін атқарудамын», - дейді ол.

2010 жылы аталмыш университеттің аударма ісі бөлімін бітірген Гордей орыс, ағылшын және неміс тілдерімен қатар, қазақ тілін де меңгеруге тырысуда. Шын ниет қойса, қай тілді болса да үйренуге болатынын айтқан ол соңғы кездері қазақ тілін үйренуге баса назар аударып жүргенін жеткізді. Гордейдің бұл бағыттағы жұмысы нәтижесіз емес, ол бүгінде тұрмысқа қатысты жеңіл-желпі сөздерді айтып, айналасындағы жұрттың не жөнінде айтып жатқанын түсінеді. Мамандығы аудармашы болғанымен, істеп жүрген жұмысы компьютерлік жүйеге байланысты болғандықтан, Гордей биыл университеттің есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету факультетіне құжат тапсырған. Бұйырса, енді екі жылдан соң ол компьютерлік жүйенің нағыз маманы болып шықпақ.

«Мамандығым аудармашы болғанымен, бұл бағытта жұмыс істеудің реті келмеді. Сосын жұртшылыққа қолымнан келетін компьютерлік қызметті ұсына бастадым. Компьютерлік жүйені мен өз бетімше оқып үйрендім, бұл әрекетім маған жұмыс істеп, қаржы табуға мүмкіндік берді. Компьютерлік қызметтің маманы болу үшін биылдан бастап екінші жоғары білім алмақпын. Ақылы болса да оқып, қайткен күнде де осы мамандықты игеріп алу керек болып тұр. Мүгедектікке байланысты тағайындалған жәрдемақыны жинап, оқуға төлейтін шығармын. Есесіне бұл диплом мені өмір бойы асырайды емес пе?..», - деп қосты ол.

Осыны айтқан қайсар жігіт бос уақытында компьютер жөндеу жұмысымен де айналысып, ақша табатынын айтты. Жүріс-тұрысы дені сау адамнан ширақ Гордей аяқ-қолы балғадай жігіттердің жұмыссыздықты сылтауратып, үйлерінде жатып алатынына таң қалатынын жасырмады.

«Жұмыс жоқ» деген бос сөз. Ел Үкіметі жұмыс істегісі келген адамға барлық жағдайды жасап қойды. Бұрынғы мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған адам бүгінде мемлекет тарапынан басқа мамандыққа тегін оқытылады. Тек ынта-ықыласыңыз болсын. Дені сау адамның жұмыссыз жүргеніне таң қаламын», - дейді мүгедек жан.

Көзін ашқалы қиындықпен күресіп келе жатқан жігіт өзін барлық жағынан қолдап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген ата-анасына дән риза. Анасы Людмила Геннадьевна баласын қатарынан қалдырмай, қаладағы «Талап» АҚ-ға қарасты гимназияда ақылы түрде оқытыпты. Кейін №21 орта мектепте білімін жалғастырған ол мектепті ел қатарлы бітіріп, жоғары білім де алды. Анасының көмегімен Гордей Санкт-Петербург пен Алматыға қайта-қайта барып жүріп, аяғына протез салдырған. Қолының кемістігіне қарамастан, жіті қимылдап, клавиатурадан әріптерді тез-тез теріп отырған жігіттің жұмысы сау адамнан өнімді.

«Жасанды аяқтарымды 3 жылда бір ауыстырып тұрамын», - дейді Гордей. - Сәл ыңғайсыздығы болмаса, ағаш аяқпен де қыруар шаруа атқаруға болады. Ал, қолыма протездің қажеті жоқ. Қол кемістігіне кішкентай кезімнен үйренгенмін. Өз қолыңа не жетсін? Өзіме тапсырылған жұмысты ешкімнің көмегінсіз-ақ, осы қолдарыммен жасап беремін.

«Меніңше, бақыт байлықта емес, махаббатта», - дейді әңгімесін жалғастырған Гордей. Анам мен әжем және сүйген жарым Кристина тұрғанда, мен өзімді ешкімнен кем санамаймын. Егер жаны үнемі жетімсіреп тұрса, адамның басындағы байлықтан не пайда? Жүректің жылуын еш уақытта сатып ала алмайсың...

Гордей өмірлік серігін ғаламтор желісі арқылы тауыпты. Екі жылдай ғаламтор арқылы хат жазысып, бір-бірімен түсініскен жастар бір шаңырақтың астында ғұмыр кешуге шешім қабылдапты. Бәрін біле тұра, өзіне тұрмысқа шығуға келісімін берген Кристинаны Гордей Тәңірдің өзіне жіберген бақыты деп санайды. Жас жігіт өзіне түсіністікпен қараған қайын жұртына да дән риза. Екі жақтың ата-аналары бүгінде жас жұбайларға бақыт тілеп, қолдарынан келгенше көмектесуде. Қосағын күн сайын жұмысқа шығарып салып, жұмыс аяғында үйіне алып қайтатын Кристина өзін дүниедегі ең бақытты жан санайды.

Үйленгендеріне жыл жарымдай уақыт болған жас жұбайлар бүгінде пәтер жалдап, өз күндерін өздері көруде. Ешкімге масыл болғысы келмейтін Гордей оқуы мен пәтеріне төлейтін ақшаны өз маңдай терімен тапқысы келеді. Тағдыр тәлкегіне миығынан қарап жүріп, арманына жетуге ұмтылған Гордейдің ерік-жігері кісіні еріксіз таң қалдырады. Мүмкіндігі шектеулі болса да, өмір сүруге деген ұмтылысы күшті Гордейдің тірлігі талайға үлгі болғандай.

Соңғы жаңалықтар