Бірінші вице-премьер Өмірзақ Шөкеев Шарын ауылында болды

ТАЛДЫҚОРҒАН. 22 қаңатар. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Үкімет басшысының бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев кеше, жұма күні Алматы облысына жұмыс сапарының аясында Шарын ауылында болды.
None
None

Ө.Шөкеев Шарын өзеніндегі теміржол құрылысы маңындағы бөгетті қарап шықты. Дәл осы бөгеттің бұзылуы Шарын ауылын су басып қалуға себеп болған еді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Амандық Баталов Ө.Шөкеевке ауданда қалыптасқан ахуал туралы баян етті. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары, төтенше оқиғаның себебін анықтау мақсатында, тексеру жүргізіп жатқанын айтты.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары сондай-ақ ауыл тұрғындарымен кездесті, көшелерді және зардап шеккен тұрғын үйлерді аралады, одан кейін облыс басшылығының, төтенше жағдай, құқық қорғау қызметкерлерінің және Шарын ауылы тұрғындарының қатысуымен жұмыс кеңесін өткізді.

Бұдан бұрын хабарлағандай, Шарын өзенінің арнасынан тасуының салдарынан, 10 қаңтар күні сағат 18-де ауылдың 319 тұрғыны өз үйлерінен қауіпсіз жерге көшірілген болатын. Ауылда 1070 тұрғын үй бар, су 9 көшені, 243 үйдің ауласын басып қалды.

Су басып қалғаннан кейін зардап шеккен 16 отбасының 10-ы - туған-туыстарына, 6 отбасы (19 адам) мектеп ғимаратына жайғастырылды. Олардың барлығы ыстық тамақпен, төсек-орынмен, медициналық қызметпен қамтамасыз етілді. Тұрғындарға қайырымдылық көмек ретінде көмір, ағаш, азық-түлік, 2 миллион 500 мың теңге соманың киім-кешегі жеткізілді.

Сараптау комиссиясының алдын-ала мәліметі бойынша, 6 үй күрделі жөндеуді қажет етеді, тек бір ғана үйді қайта салу керек.

Елді мекенді судан қорғау үшін жағалаудан 1,5 шақырым қашықтыққа ұзындығы 500 метр болатын төгінді дамба жасалды. Сонымен қатар ауылдағы суды өзенге қайта ағызып жіберу мақсатында елді мекен маңынан 600 метрге созылатын канал қазылды.

Қазір қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындар үйлеріне орала бастады. Олар ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.

14 қаңтарда өткен облыстық мәслихаттың сессиясында Шарын ауылының көшелерін мұздан тазартуға, жағалауға бөгет салуға 30 миллион теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ Ұйғыр ауданының бюджетінде Шарын өзеніндегі бөгетті жөндеуге тағы 63 миллион теңге қарастырылып отыр.

Қазіргі уақытта ауылдағы тіршілік қалыпқа түсіп келеді.

Соңғы жаңалықтар