Бірінші вице-премьер жұмыс сапарымен Қостанай облысына келді

Аймаққа бірінші вице-премьермен бірге Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, даму институттарының жетекшілері, бірқатар министрліктер мен ведомстволардың, соның ішінде ҚР Өңірлік даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің жауапты қызметкерлері бар.
Сапар бағдарламасында бірқатар әлеуметтік-экономикалық нысандарда болу көзделген. Үкімет басшысының бірінші орынбасары «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ-да және Рудный қаласындағы цемент зауытының құрылыс алаңында болады деп күтілуде.
Қостанайда Б. Сағынтаев іске қосылуға әзірлік үстіндегі металл бұйымдары зауытының және автокөлік құрастыру кәсіпорындарының жұмыстарымен танысады. Меймандар облыс орталығында құрылысы қолға алынған тұрғын үй құрылысы комбинатына ат басын бұрып, Қостанай ауданындағы дәнді дақылдар алқаптарын аралайды.
Сапар қорытындысы облыс активінің арнайы кеңесінде қорытындыланып, онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жан-жақты талқыланатын болады.