Бірінші жартыжылдықта Ақтөбеде 6 әлеуметтік дүкен ашылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен өткен кеңесте аймақаралық кооперацияны дамыту туралы мәселе талқыланды, деп жазады облыстық «Ақтөбе» газеті.
Облыс басшысы аймақаралық кооперацияның басты мақсаты азық-түлік және тауар қауіпсіздігі, импортты азайту екенін айтып өтті. Жоба тұрғындарды делдалдардың араласуынсыз, отандық азық-түлік және тауарлармен қолжетімді бағамен қамтамасыз етуді көздейді. Сонымен бірге, аймақаралық кооперация біздің аймақта жаңа сауда орындарын ашып, өндіріс қарқынын ұлғайтуды мақсат етеді.
Бүгінде оңтүстік облыстардан азық-түлік өнімдері көптеп жеткізілуде. Тек наурыз айының өзінде жалпы құны 83,5 миллион теңге болатын 32 тонна ет, 76 тонна көкөніс, 19 тонна жеміс-жидек, 14 тонна сүт өнімдері, 30 мың жұмыртқа жеткізілді. Қазіргі уақытта оңтүстіктің ауыл шаруашылығы өнімдері «Табыс» коммуналдық базарына, шағын базарларға, сонымен бірге, қаладағы әзірге жалғыз әлеуметтік дүкенге жеткізілуде.
Көкөніс, жарма, ет және сүт өнімдеріне төменгі үстеме ақы қосып сататын сауда желілерін көбейту үшін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осы жылдың маусым айында кем дегенде 7 әлеуметтік дүкен ашып, азық-түлік өнімдерін ірі дүкендерге тікелей жеткізу жағын қолға алуды тапсырды.
Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне сәйкес, Ақтөбе облысы азық-түлік себетіне кіретін 33 түрлі азық-түліктің 25 түрімен өзін-өзі қамтамасыз ете алады. Аймақаралық кооперация аясында жеткіліксіз азық-түлік өнімдері мен тауарларды ақтөбеліктерге тиімді бағамен жеткізу қарастырылып отыр.
« Арзан азық-түлік сататын нарықты іздестіру қажет. Оңтүстік облыстармен өнім жинау науқанында арзан бағамен көкөніс пен жемісті сатып алу жөнінде ертерек келісімшарттарға отырған дұрыс. Оңтүстіктің тауар өндірушілеріне қолайлы жағдай жасап, бос тұрған сауда орындары мен қоймаларды беруді тапсырамын», - деді кеңес отырысында облыс басшысы.