Бірқатар ел Суданнан азаматтарын эвакуациялауды жалғастырып жатыр

Бүгінге дейін 50-ден астам ел, оның ішінде Түркия, АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Сауд Арабиясы, Эфиопия мен Египет азаматтарын теңіз, әуе және автожолдар арқылы эвакуациялауды ұйымдастырды.
Түркия СІМ Мевлют Чавушоглу Анкара Суданнан 2 061 адамды эвакуациялағанын айтты, оның 1763-і түрік азаматы болса, 298-і – 22 елдің азаматы. Дипломатиялық ведомство басшысы Судан билігі Түркия елшілігін уақытша Хартумнан Порт-Суданға ауыстыруды ұсынып, жаңа ғимарат береміз деп уәде бергенін айтты.
«Шындығына келгенде, біз шешім қабылдап қойдық, тәуекел ете алмаймыз. Егер жағдай ушығып кетсе, астанадан шығу қиын болады. Елшілікті уақытша Порт-Суданға ауыстыру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз», - дейді дипломат.
Әзербайжан СІМ Түркияның көмегімен Суданнан 26 азаматы эвакуацияланғанын хабарлады.
АҚШ Мемлекеттік департаменті баспасөз хатшысының көмекшісі Ведант Патель Порт-Суданға 29 сәуірде үш автотізбек барғанын, АҚШ үкіметі 700-ден астам америкалыққа көмек көрсеткенін мәлімдеді. Патель АҚШ билігі азаматтарын тез арада эвакуациялау үшін тынбай жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Ресей үшінші апта қақтығыс болып жатқан Суданнан 200-ден астам ресейлік дипломат пен қатардағы азаматты эвакуациялағанын хабарлады.
Францияның Сыртқы істер министрлігі 27 сәуірде Суданнан 936 адам эвакуацияланғанын хабарлады. Мекеме эвакуацияланғандардың ішінде Франция азаматтарымен қатар, британиялық, америкалық, канадалық, эфиопиялық, голландиялық, италиялық және швед азаматтары бар екенін хабарлады.
Иран СІМ ресми өкілі Насер Канани Судандағы қақтығыс басталғалы 65 ирандықтың эвакуцияланғанын хабарлады.
Египет СІМ мәлімдемесі бойынша, қарулы қақтығыс басталғалы Суданнан 5 300-ден астам азамат эвакуацияланған. 28 сәуірде тағы 2 648 Египет азаматы, оның 1 365-і құрлық арқылы, 1 283-і әуе арқылы жеткізілді. Ведомство мәліметі бойынша, Суданда 10 мыңнан астам египеттік тұрады.
Еске салсақ, Суданда 15 сәуірден бастап әскер мен жедел әрекет ету күштері арасындағы қарулы қақтығыс басталған болатын.
ҚР Сырты істер министрлігі Судандағы Қазақстан азаматтары қауіпсіз жерге шығарылғанын, сондай-ақ, Эфиопия мен Сауд Арабиясы Корольдігінің аумағы арқылы эвакуациялау жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді. 2 мамырдағы соңғы ресми хабарлама бойынша, Қазақстанның алты азаматы жақын маңдағы елдер арқылы эвакуацияланған. БҰҰ жүйесіндегі ЮНИСЕФ-те қызмет ететін Қазақстанның бір азаматы Иорданиядағы ЮНИСЕФ кампусына орналасты. Ал бір отандасымыз өз қалауы бойынша Біріккен Араб Әмірліктерінде қалды. Қалған төрт Қазақстан азаматы елімізге келді. Тағы 11 азамат өздерінің қалауымен Суданда қалатынын айтқан, 10-ы тау-кен компаниясында жұмыс істеп жатыр.