Бірқатар өңірді цифрлық телерадио хабарын таратуға көшіру кейінге шегеріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздің бірқатар өңірлерін цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату форматына көшіру ісі кейінге шегерілмек. Тиісті бұйрықтың жобасын Мәдениет және ақпарат министрлігі ашық талқыға шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Қазақстан Республикасында цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуды енгізу және дамыту» жобасын одан әрі іске асыру белгілі бір себептермен мерзімдерді ұзартуды талап етеді. Мәселен, металдың құны едәуір жоғары болды, айлық есептік көрсеткіш мөлшері өзгерді, сәйкесінше құрылыс-монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстарының құны өсті, валюта бағамы көтерілді. Бұл - теледидар таратқыштары, мультиплекстеу жабдықтары, маршрутизаторлар, антенна жүйелері және өзге де шетелдік өндірістің барлық технологиялық жабдықтарының қымбаттауына әкелді. Сондай-ақ, іске асыру мерзімін ұзартудың маңызды негізгі себептерінің бірі - «Қазтелерадио» АҚ өз қаражаты есебінен жобаны аяқтау қажеттігі. Осылайша қазіргі уақытта қаржылық-экономикалық негіздемені түзету және бекіту және жаңа жобалау-сметалық құжаттаманы бекіту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр» делінген бұйрықта.

Аталған мәселелерге байланысты бірнеше облыстағы елді мекен тұрғындары цифрлық телевизия игілігін таяу арада көре қоймайды.

Нақты тоқталсақ, Абай, Қызылорда, Атырау, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарындағы ауылдарды цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға 2025 жылдың соңына дейін толық көшіру жоспарланған.

Бұған дейінгі жоспарда бұл жұмыстың бәрі 2024 жылдың 1 желтоқсанына дейін аяқталуы тиіс болатын.

Бұйрық жобасы 21 қыркүйекке дейін көпшілік талқылауда болады.

Соңғы жаңалықтар