Бірлігі күшті ел озады - Апталық шолу

Әсіресе, бүгінгідей алмағайып заманда ел бірлігін бекем ету - маңызды міндет. Сондықтан да, билік бейбітшілік пен келісім саясатын басты ұстаным ретінде жариялап, осы бағыттағы жұмысты дамытып келеді. Осы аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің бірқатар өңірлеріне сапарын бастаған болатын. Президент сапары алдымен Батыс Қазақстан облысында ұйымдастырылып, Елбасы өңірдегі маңызды нысандарды аралады, жұртшылықпен, еңбек ұжымдарымен бейресми кездесулер өткізді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Орал қаласында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Біздің күшіміз - бірлікте» атты республикалық форумына қатысты.
«ХХ ғасыр баршаға, соның ішінде Қазақстан жерінде пана тапқан қоныс аударушылар мен күштеп жер аударылғандарға қиын тиді. Былтыр жыл бойы аталып өткен Ассамблеяның 20 жылдығы біртұтас Отанымыздың және балаларымыздың болашағын Қазақстан халқы бірге қалыптастырып жатқанын көрсетті. Бірге өмір сүре отырып, біз бір-бірімізді рухани тұрғыдан байыта түсеміз. Біздің халқымыз татулық пен келісімнің бірегей саясатымен, достық негіздегі көршілестікке бейімдігімен, тұрақтылық пен тыныштыққа ұмтылысымен мақтана алады», - деді Президент. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде барлық мәдениеттер мен тілдердің тең құқылы дамуы, тарихи дәстүрлер мен ғұрыптардың өркендеуі қамтамасыз етілгенін айтты. «Біз барлық этностардың мерекелеріне ықыласпен қатысамыз, өйткені қазақстандықтар бірліктің, бейбітшіліктің, тыныштықтың, бақыт пен мейірімнің айрықша рухын қалыптастыра білді. Елімізде 100-ден аса этнос пен 17 конфессия өкілдерінің жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған заманауи әрі қауіпсіз ортақ шаңырақ болып отыр. Олар ана тілі мен тарихын оқиды, өз діндерін ұстанады, ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтайды. Біздің газет-журналдарымыз 15 тілде шығады, ал театрларымыз 7 тілде сөйлейді. Барлық облыста кіші Ассамблеялар тиімді жұмыс істейді. Қазақстандықтардың татулығы мен келісімі - қоғамды ұйыстырушы күш. Көпұлттылық елдің стратегиялық артықшылығы екенін біз іс жүзінде дәлелдедік. Ассамблеяның жастармен жұмысқа көбірек көңіл бөле бастағаны өте маңызды. Нақ осы жастарға өмірлік айқын бағдар беру керек, оларды күмәнді идеялардың ықпалынан қорғау қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы бүгінде көптеген елдердегі жағдайдың зорлық, этникалық алалау, түрлі соғыстар мен қақтығыстар сияқты ең қайғылы сценарийлер бойынша өрбіп жатқанын айтты. Ал мұндай жағдайда әрбір қазақстандық татулық пен қоғамдық келісімнің шынайы бағасы қандай екенін, төзімділік пен толеранттылық жолын таңдау арқылы қандай қайғы-қасіреттерден аман қалғанын жете сезіне бастады.
Сөз арасында Елбасы Батыс Қазақстан облысы Еуропа мен Азия арасын байланыстырушы өңір ретінде ел экономикасында маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Өңір орасан зор транзиттік әлеуетке ие, бұл әлеует алдағы уақытта да дами түседі.
«Бүкіл Қазақстандағы сияқты мұнда дағдарысқа қарсы жұмыс жақсы жүріп жатқанын көріп отырмын. Әлемдік нарықтағы тұрақсыздық жағдайында облыс әлеуметтік маңызы бар 33 тауардың 24 түрін өндіріп отыр. Индустрияландырудың бірінші бесжылдығы аясында 32 жоба жүзеге асырылып, 2 мың жұмыс орны ашылды. Сіздердің өңірлеріңізде Орал трансформатор зауыты, «Квант» жиһаз фабрикасы, «Батыс Марка Ламб» ет өңдеу кәсіпорны сияқты ірі кәсіпорындар бар. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша тағы 40 жоба жүзеге асырылып, 2 мыңнан астам жұмыс орнымен қамтамасыз ететін болады», - деді Мемлекет басшысы. Сөз соңында Мемлекет басшысы өңір тұрғындарына игілік пен бақ-береке тіледі.
Сапар барысында Елбасы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында болып, облыстың шығармашыл зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Әлем жұрты қазақстандық ғалымдар туралы естіп-білетін болады
Елбасының осы аптадағы сапары Ақтөбе облысында жалғасты. Мемлекет басшысы Ақтөбеде мұнай жабдықтары зауытында болып, онда Елбасыға зауыттың жаңа өнім үлгілері көрсетілді, мұнай жабдықтарын шығарудың технологиялық үдерісі таныстырылды. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндалды. Мемлекет басшысы кәсіпорын жұмысшыларымен, облыстың шағын және орта бизнес өкілдерімен әңгімелесті. Әңгіме барысында Қазақстан Президенті елді индустрияландыруға байланысты жұмысшы мамандықтарының маңызы артатынын, соған орай мемлекет бұл бағытта мақсатты түрде жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Өз кезегінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы баяндады. «Облыста жұмыссыздық деңгейі өскен жоқ. Әлеуметтік маңызға ие азық-түлік бағалары, еңбек қатынастарына қатысты мәселелер бақылауда тұр», - деді Б. Сапарбаев.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы облыс орталығындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне барды. Елбасы мектептің оқу сыныптарын, спорт залын, шығармашылық және ғылыми-зерттеу жұмыстары көрмесін аралап көрді.
Сонымен қатар, Елбасы өңірге жұмыс сапарының соңында «Жастық! Жігер! Еңбек!» атты республикалық жастар форумына қатысты. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткізіліп отырған жастар форумында Президент сөз сөйледі.
«XXI ғасырды біз жаһандық сын-қатерлер дәуірі ғана емес, жас, қуатты және талантты адамдардың дәуірі деп те атаймыз. Қазақстанда бүгінде әрбір төртінші азамат - жас ұрпақтың өкілі. Мені сіздердің білімдеріңіз, шетел тілдерін меңгергендеріңіз, инновацияға ашық болуға талпыныстарыңыз қуантады. Араларыңызда ақылы мен білімі қазірдің өзінде Отанымызға пайдасын тигізіп жатқан жастар аз емес. Әлем жұрты көп ұзамай жаңа қазақстандық ғалымдар, дәрігерлер, инженерлер, музыканттар мен спортшылар туралы естіп-білетініне сенімдімін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент сонымен қатар, жастарға ұсынылып отырған мүмкіндіктерді пайдалану қажеттігін атап өтті. Мәселен, елімізде заманауи білім беру жүйесі, зияткерлік мектептер, Астанада халықаралық университет ашылды. Жыл сайын мыңдаған студентті әлемнің үздік университеттеріне жіберіледі. «Өмірдегі ең басты нәрсе - білім, жоғары кәсібилік және өз Отаныңа адалдық, мен сіздерді осыны есте ұстауға шақырамын. Сіздерде зор күш-қуат пен шығармашылық әлеует бар. Осының бәрін өмірлеріңіздегі ең басты мақсатқа жетуге бағыттаңыздар», - деді Мемлекет басшысы.
Үлескерлер мүддесі қорғалады
Осы аптада Сенаттың жалпы отырысында «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң қабылданды. Аталған құжат тұрғын үй құрылысы саласында үлестік қатысу мәселелерін реттеудің тың тәсілдері ұсынылады. Атап айтқанда, үлестік салымдарды кепілдендіру, екінші деңгейлі банктердің жобаны қаржыландыруы, тұрғын үй ғимараты қаңқасын құрылыс салушының жеке қаражаты есебінен тұрғызу қарастырылады. Осыған орай, Қазақстанда үлестік салымдарды келіпдендіру жүйесін құру үшін Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қорын құру ұсынылады. Жаңа заңнама аясында құрылыс салушыларға талаптар да белгіленіп отыр. Мәселен, ондай тұрғын үй ғимараттарын салатын құрылыс салушылардың тәжірибесі кемінде үш жыл болуы шарт, соңғы екі жылда залалсыз қызмет атқарған болуы керек. Сонымен қатар құрылыс компаниясының қарыз және меншік капиталының ара қатынасы жетіден аспауы керек.
Бұдан бөлек, құрылыс салушыларға тұрғын үй ғимаратын салу тәжірибесінен бөлек, меншік немесе мемлекет берген жер пайдалану құқығында ауыртпалықсыз жер учаскесінің болуы, жобалық-сметалық құжаттаманың болуы талап етіледі. Ал ең маңыздысы - үлескерлердің қаражатын тарту құрылыс салушының өзінің жеке қаражаты есебінен тұрғын үй ғимаратының қаңқасын тұрғызғаннан кейін ғана мүмкін болады.
Сайлау күні неге тыйым салынады?
Осы аптада Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Татьяна Охлопкова мен Марат Сәрсембаев баспасөз мәслихатын өткізіп, онда дауыс беру күні жүргізілетін «exit poll» тәртібі туралы әңгіме өрбіткен еді. Айта кетерлігі, «Сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 28-бабы 9-тармағына сәйкес сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сұрау caлу нәтижелерін жариялаған кезде, бұқаралық ақпарат құралдары сұрау салуды жүргiзген ұйымды, сұрау салуды жүргізуге тапсырыс берген және оның ақшасын төлеген адамдарды, сұрау салу жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрау салудың нақты тұжырымын, сұралғандардың саны мен сұрау салу нәтижесінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.
«Бұқаралық ақпарат құралдарында дауыс беру күні алдындағы бес күн ішінде, яғни 15 наурыздан бастап және дауыс беру күні 20 наурызда қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерiн, сайлау нәтижелерiнiң болжамын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулердi жариялауға жол берілмейді. Сайлау күнi дауыс беруге арналған үй-жайда қоғамдық пiкiрге сұрау салуға тыйым салынады», - деді ОСК мүшесі Марат Сәрсембаев.
Тағы бір айта кетерлік жайт, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру Ассамблея Кеңесінің хатына сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өзінің жұмысын 21 наурыз күні сағат 08.00-де бастайтын болады. «Дауыс беруге арналған пункт Ассамблеяның сессиясы өтетін ғимаратта орналастырылады және сессия жұмысының басталуынан бір сағат бұрын, яғни сағат 07.00-де ашылады. Дауыс беруге арналған пунктте ол ашылған сәттен бастап дауыс беру нәтижелері анықталғанға дейін халықаралық және қазақстандық байқаушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сонымен қатар, Ассамблея сайлайтын Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың сенім білдірілген адамдары қатысуға құқылы», - деді М. Сәрсембаев.
Қазір саяси доданың қызығы шарықтаған сәт. Дегенмен, заң билігіндегі саясат сахнасына кімдердің келіп, кімнің кететінін дөп басатын мерзім де жақындап қалды: сайлау - наурыздың 20-сында екенін еске саламыз, ағайын!