Бірлік күні: Қазақстандағы диаспоралардың мерекелік дастарханы

Татар тағамы - чак-чак
Чак-чак – татар асханасы символының бірі. Оны бидай ұны мен жұмыртқадан иленген жұмсақ қамырдан жасайды. Қамыр қаншалықты жұмсақ болса чак-чак соншалықты дәмді болады. Иленген қамырды қысқа таяқша пішінінде немесе жаңғақ пішінінде турап, майға қуырады. Одан кейін үстіне ысытылған бал құйып, белгілі бір пішінге келтіріп алады. Әдетте оның пішіні құмырсқаның илеуі сияқты болады. Оны шай немесе кофемен жеген дұрыс.
Өзбек тағамы - дімләма
Дімләма - Өзбекстандағы ең танымал тағамдардың бірі. Етке жеміс-жидек қосылып жасалатын тағам дәмді әрі пайдалы, сонымен қатар қонақ шақырған кезде дастарханның сәні. Бұл тағамның ерекшелігі - жеміс-жидектер ірі етіп туралады және бір-бірінің үстіне қатпарланып салынып етпен бірге ұзақ бұқтырылады. Сонымен қатар оған зира, кинза, қызыл, қара бұрыш сияқты дәмдеуіш қосады. Ол тағамға тіл үйірер дәм беріп тұрады.
Грузин тағамы - хачапури
Хачапури – грузиндер жақсы көріп жейтін тағамның бірі. Хачапури екі сөзден құралған: хачо - ірімшік, пури - нан. Ол ұн, ірімшік және жұмыртқадан жасалады және пішіні қайыққа ұқсас болады. Ұннан жасалған қамыр мен ірімшік дәмі бір-бірімен жақсы үйлесіп, дәмі ауыздан кетпейтіндей әсерге бөлейді.
Ұйғыр тағамы - лағман
Ұйғыр асханасы лағманмен танымал. Бұл арнайы дайындалған құймамен бірге ұсынылатын, қамырды шиыршықтап созу арқылы дайындайтын кеспе. Ұйғырлар бұл тағамды «махаббат тағамы» деп те атайды. Жыл мезгіліне байланысты, «лағман» 4 түрге бөлінеді. Көктемде бұл тағамның құймасына жасыл пияз, жуа (жусай) сабағын, балдыркөк пен шалғамды қосып дайындаса, жазда – қияр, сарымсақ, жуа, қысқа және ұзын үрме бұршақ, қызанақ, жасыл және қызыл бұрыш, кәді (баклажан), пияз қосады. Күзде – сәбіз, шомыр, шалқанды қосып әзірлесе, қыста лағманға кептірілген және тұздалған көкөніс қосылады.
Еске сала кетсек, бұған дейін қазақтың ұлттық тағамдары туралы жазғанбыз. Этнограф Әйгерім Мұсағажинованың айтуынша, қазақтың ұлттық тағамының саны 200-ге жетеді.