«Бірлік» партиясы әлеуметтік әділдікті айрықша назарда ұстайтын болады - С. Сұлтанғали

АСТАНА. 12 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали журналистерге арнап брифинг өткізіп, онда ол жаңа саяси бірлестіктің жұмысымен, алдағы жоспарларымен таныстырды. Еске сала кетейік, аталмыш партия ағымдағы жылдың сәуір айында еліміздегі «Әділет» және «Руханият» партияларының біртұтас қозғалысқа бірігу туралы шешімі негізінде пайда болған еді.
None
None

Жаңа партияның төрағасы Серік Сұлтанғалидың айтуынша, «Бірлік» өзінің партия аясындағы жұмыстарын еркіндік, әділдік, адамгершілік және отансүйгіштік қағидаттарына негіздей отырып жолға қоятын болады. «Біз үшін ең маңыздысы - қоғамдық келісім мен әлеуметтік, ұлттық және діни қарама қайшылыққа жол бермей, адамдар арасындағы өзара сенімді, Қазақстан халқының бірлігін сақтау. Сол үшін партия алдағы уақытта эволюциялық жолды ұстанады. Біз - қоғамның эволюциялық дамуын және ұлттық құндылықтар мен дәстүрге сүйене отырып, проблемалардың кезең-кезеңімен шешімін табуын қолдаймыз», - дейді партия жетекшісі С. Сұлтанғали. Оның айтуынша, өзінің идеялық-саяси бағыт-бағдарында партия әлеуметтік әділдікті айрықша назарда ұстанады. Сонымен қатар, партияның мақсаты мен міндеті - барша қазақстандықтар үшін теңдей мүмкіндіктер жасау болып табылады.

Сонымен қатар, «Бірлік» алдағы уақыттағы жұмысында ауыл мәселесіне де барынша назар аударады. «Біз тұтас қоғам болып қазіргі таңда ауылдағы бизнес ортаны қалыптастыру, түрлі мамандықтарға жол ашу және жастардың сенделіп бос жүруіне жол бермеуіміз қажет. Сол мақсатта ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттай отырып, мәдени-рухани жаңаруға мүмкіндік ашатын боламыз. Ауылдағы мәдени ошақтардың, бір кездердегі халық театрлары мен кітапханаларының қайта түлеуіне күш саламыз», - дейді С. Сұлтанғали.

Соңғы жаңалықтар