Бірлік, тұрақтылық ұғымдары әр қазақстандықтың өмірлік ұстанымына айналуға тиіс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертеден қазақтар қоғамында бірлік - елдіктің, ұлт болып ұйысып отырудың басты кепілі саналған, дейді «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев «Айқын» басылымында.
None
None

Ел тізгінін қолына ұстаған адамдар - ақсақалдар, билер, хандар ел ішіндегі асқынған дау, ушыққан жанжалды тыйып, шешім қабылдағанда ел бірлігіне сына түспеу жағына баса көңіл бөлген. Сондықтан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ел бірлігі мен ынтымағын сақтау тұрақтылық пен өркендеудің басты шарты екендігін өз сөздері мен құттықтауларында қазақстандықтарға үнемі айтып отыруы - биік тұлғалық қасиет пен көрегендіктің үлгісі. Мемлекет басшысы түрлі басқосуларда, алқалы жиындарда, Қазақстан халқына Жолдауында, Парламент және ассамблея сессияларында және т.б. кем дегенде жылына 9-10 рет осы ізгі ойларын отандастарына арнайды екен.

Қазақстан халқы арасындағы бірлік пен ынтымақты негізгі тұғырнама ретінде айқындай келе, ел Президенті қазақ этносының рөлі жайлы: «Менің ойымша, қазақтардың қайталанбас этикалық, психологиялық әлемі әлі жете зерттелмей, зерделенбей жатқан тылсым дүние» дейді.
Елдегі тұрақтылықты сақтау үшін заң нормаларын дала өркениетіне сіңдіру негізінде дайындалып, сол кезеңдерде Ата заңға айналған кодекстердің ішінде: «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» бұқара халықтың тіршілігіне қажетті гуманистік идеялардан туындаған әлеуметтік мәні зор осынау қағидалар дала өркениетінде ұрпақтар сабақтастығының болғанын дәлелдейді. Ұлы дала елінде инновация ұғымы ертеден, сонау Қасымханның тұсында Керей мен Жәнібек хандар Шу мен Талас бойындағы елмен шектелмей ұлы даланың әр түкпірінде тарыдай шашылған ұлыстардың басын біріктіру үшін, қазірше айтқанда, мемлекеттік басқару мен елді біріктірудің жаңа үлгісін, экономикалық ықпалдастықтың жаңа түрін қалыптастырудан басталғанын байқатады. Осының арқасында қысқа уақыт ішінде жаңа хандыққа біріккен халық саны миллионға жеткен.
Бірлік, тұрақтылық ұғымдары әр қазақстандықтың өмірлік кредосына, ұстанымына айналуға тиіс. Дегенмен, қоғам мүшелері оны қаншалықты ұғынады, бағалайды? Әрбір жеке адам қоғамдағы бірлік пен ынтымақты сақтаудағы өз жауапкершілігін сезіне ме? Әлде бұл тек мемлекеттік органдар­дың міндеті деп түсіне ме?
Ақтөбе қаласында 5 маусымда болған оқиға қоғамда еш үрей мен қорқыныш тудырған жоқ, керісінше, адамдарды біріктірді, мұндай опасыз іс-әрекетке қарсы тұрғызды, ниеттері мен көзқарастарының бір екендігін байқатты. Бұл оқиға белгілі бір деңгейде қоғамдық пікір тудырғанымен, ел ішіне іріткі сала алмады. Себебі соғысты, ашаршылық пен жұтты басынан өткізген қазақ халқы ел ішіндегі бірліктің қадірін жақсы біледі. 
Осы тұрғыдан алғанда, қазақ жастарының арасында қоғамдық-саяси мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы өзекті бола түспек. Ол үшін мемлекет пен әр жеке адам­ның өзара қатынастары заманауи жолдармен дамытылып, екі жақтық жауапкершілік негізінде құрылуы керек. Ендеше, жеке адам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынас­тың кейбір психологиялық аспектілеріне тоқталайық.
Мемлекет пен жеке адамның өзара қаты­настарының сипаты жалпы қоғамның даму алғышарттары үшін маңызды көрсеткіш. Әр адамның тұлғалық қасиеттерінің қалыпта­суы, қоғамның даму тенденцияла­рымен тығыз байланыста қарастырылуы керек. Себебі қоғам - бұл адамдар арасындағы қатынастардың тарихи түрде дамып келе жатқан жүйесі, адамдардың бірге өмір сүру процесіндегі өзара іс-қимылының өнімі. Сонда қоғам мен жеке адам - бір-біріне өзара қызмет көрсететін, үзіліссіз бірлікте ғана тіршілік ететін құбылыстар екендігін түсінеміз. Яғни жеке адам - өзі өмір сүріп отырған қоғамның өнімі болғандықтан оны түйсініп, бағалай білуі маңызды.
Адамның материалдық және рухани даму көрсеткіші, сапасы, мүмкіндіктері мен міндеттері нақты адамдардың, жеке адам мен қоғамның өзара күрделі қатынастарының нәтижесі ретінде ғана пайда болады. Сонда адамдар арасындағы құқықтық, материал­дық, әлеуметтік жағдайындағы елеулі ерек­шеліктер нақты осы айтылғандарға байла­нысты болмақ. Уақытқа, тарихи, геогра­­фия­­лық, саяси кеңістікке, қоғам өмірі­­нің объективтік және субъективтік фактор­ларына байланысты жеке адамның негізгі көрсеткіштері бір-бірінен едәуір айырмашылықта болуы мүмкін. Осыған байланысты адамның кейбір құқықтары мен еркіндіктері, айталық, өмір сүру құқығы және еркіндік құқығы, мысалы, қазіргі Еуропа жағдайында өзінің мазмұны бойынша Екінші дүниежүзілік соғысы кезімен немесе Ресейдегі пролетариат диктатура­сының дәуіріндегі осы құқық­тардан айрықша ерекшеленеді. Мысалы, алдыңғы қатарлы технологиялардың дамуы және адам құқықтарының ерекше қорғалуымен ХХ ғасырдың басында көш бастаған орталық Еуропа әлемге фашизмнің нағыз жауыз, қанішер үлгісін таратты, адам еркіндігі мен өмір сүру құқығын жоққа шығарды. Ал қоғамдағы адами қатынастар тұрғысынан қарағанда тоталитарлы деп бағаланған пролетариат диктатурасы орнаған советтер қоғамы фашизм сияқты зұлматты әшкереледі және түп тамырына балта шапты. Советтердің бұл ұстанымын кейінірек бүкіл әлем қолдады. Демек, әр қоғамда өмір сүрген жеке адамдар үшін еркіндік пен өмір сүру құқығы ұғым­дарының жария етілуі мен іс жүзінде  қор­ғалуында айрықша ерекшеліктер болғанын көреміз. Сайып келгенде, белгілі бір қоғамдық орталар тудырған жеке тұлғалар қатынас­тарының шиеленісуі жалпы әлемнің прогрессивті даму жолына түсуіне оң әсер еткенін тарих көрсетіп отыр. Біз, бүгінгі қазақстандықтар, салыстырмалы түрде жеңімпаз және ізгілікті қоғамның ұрпа­ғымыз: фашизмді тудырған емес, жойған қоғамның ұрпағымыз. Ол - тарихи шындық. Қазақстан қоғамында ешуақытта адам еркіндігі мен өмір сүру құқы тапталмайды, керісінше, ол Ата заңмен қорғалған және кепілдендірілген. 
Мемлекет ретінде ұйымдастырылған қоғамда адамның жағдайын белгілейтін факторлар жүйесінде нақты мемлекетке ерекше маңызды рөл берілген. Мемлекеттің маңыздылығы -  салыстырмалы тәуелсіз­дігі­мен және адам мен қоғамға қатысты елеулі дербестілігімен, қоғамдық қатынастарға әсер ете алатын өзінде бар тетіктерімен сипат­т­а­луында.
Зерттеушілер мемлекет - қоғамның ішкі құрылымы, халықтың аумақтық, заңгерлік және саяси бірігуін қамтамасыз ететін жалпы адам қоғамының ұйымдастырылуының ерекше түрі деп анықтама беріп келеді. Мемлекеттің ұйымдастырылуы жалпы қоғамның ресми, уәкілетті өкілі ретінде көрінуінде. Осыған байланысты, адам мен қоғам арасындағы қатынастар неғұрлым мемлекеттік-құқықтық сипатта болады, өйткені мемлекет қоғамның атынан шығады.
Мемлекеттік  билік егемендігі принципі­нің арқасында кез келген адам мемлекет аумағының шегінде оның юрисдикциясында болады, яғни мемлекеттен туындайтын жалпыға міндетті ұйғарымдардың адресаты болады. Адамның нақты мемлекетпен тұрақты байланысы әдетте азаматтық (республи­каларда) немесе бағыныстылық (монархия­ларда) институттарында өз көрінісін табады. Азаматтық пен бағы­ныстылық мәні кейбір айырмашылықтарына қарамастан, бір болып табылады (формальды жағынан бағы­ныстылық адамның монархқа жеке бағыныстылығын білдіреді). Ол жеке тұлға мен мемлекет арасындағы тұрақты саяси-құқықтық байланыстың бар болуымен ерекшеленеді. Бұл байланыс тұлғаның нақты мемлекетке заңгерлік тиістілігін, адам тұлғасының мемлекет азаматының ерекше қасиеттерін алуын, азамат пен мемлекеттің өзара құқықтары мен міндеттері шеңберінің бар болуын, сондай-ақ мемлекеттің азаматты ел ішінде және оның шегінен тыс жерде қорғауын білдіреді. Азамат - бұл мемлекет және құқықпен қатынастағы тұлға. Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік жылдары өзінің талай азаматының шетелде жүрген кезде құқығын қорғап, азаматы қандай жағдайға түссе де оны елге қайтару үшін барлық дипломатиялық тетіктерді қолданып, халықаралық беделін салды.
Жеке адам мен мемлекеттің ара-қаты­насы әртүрлі болуы мүмкін. Әділеттілік, адам­гершілік, демократия идеалдары билік ететін қоғамда жеке адам мен қоғам ара­сындағы қатынастар үйлесімділікке ұмты­лады. Мемлекет - әртүрлі әлеуметтік топ­тардың, жеке адам мен қоғамның мүдделерін келісудің қажетті құралы, қоғамдық мүдделерге бағы­нысты және қоғаммен бақыланатын ұйым ретінде қарастырылады. Адам, оның негізгі құқықтары мен еркін­діктері мемлекеттің қоғамдық өмірге араласуының түпкілікті мақсаты ретінде қарастырылады және сонымен бірге осындай араласудың шегі болып табылады. 
Дегенмен халықаралық деңгейде мәдени-дәстүрлері мен моральдық-этикалық ұстанымдары әр қилы қоғамдардың өзара интеграциялану нәтижелері жеке адам мен мемлекет арасындағы өзара түсіністік пен жауапкершілік тұжырымына қалыптасқан жағдайға байланысты өзгерістер енгізудің қажет болатынын көрсетеді. Үш мысал келтірейік. Бірінші, патшалық Ресеймен тығыз байланыстар орнату және артынан Советтер Одағының қатарына ену мың жылдық тарихы бар моноұлтты қазақтар қоғамына көпұлттылық (полиэтникалық) ұғымын әкелді. Екі ғасырдан астам көп ұлттар қатар өмір сүрген қазақстандық қоғамда Елбасы Н.Назарбаевтың идеясымен Қазақстан Халқы ассамблеясы құрылды. Осы модель Қазақстан қоғамында 20 жылдай сынақтан өтіп, қазір әлемдік деңгейде оң бағасын алды. Осылайша, қазақстандық қоғамдағы әр жеке адам мемлекетпен келісе отырып, бұл интеграцияны прогрессивті дамудың құралы ретінде пайдалана бастады. Ассамблея - қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтты, ал өзге ұлт өкілдері қазақ ұлтын мемлекет құраушы ұлт ретінде мойындап, қиын кезде қол ұшын бергені үшін алғысын білдіруде. Екінші, көктегі тәңірге сыйынып, бабалар аруағын мойындаған қазақтар қоғамына осыдан он ғасыр бұрын ислам діні тарады және оның ішінде, өзінің салты мен дәстүріне жақын мазхабын қабылдаған қоғам сан ғасыр діни араздықты білмей ғұмыр кешті. Әйтсе де пайғамбарларды (с.ғ.а.) жоққа шығару, аруақтарды мойын­дамау, бабалар өсиетінен қол үзу және т.с.с. жат ұғымдар қазақстандық қоғамға ене бастады. Бұл - халықаралық интеграцияның, өзге даму жолындағы қоғамдармен ор­натылған байланыстардың салдары екендігін жақсы түсінуіміз керек. Мұндай интеграция кейбір жеке адамдардың жауапкершілік деңгейінен тайып, өзі өмір сүретін қоғамның негізгі ұстанымдарына қарсы шығуына әкеліп соқтыруда. Бір сөзбен айтқанда, бұл - қоғамдар арасындағы рухани қақтығыстың көрінісі. Ол нәтижесінде қоғамда рухани хаос тудырып, мемлекеттік құрылымның негізгі при­нциптерінің жойылуына әкелуі ықтимал. Ендеше, әрбір жеке адам қоғам арқылы елдегі бірлік пен тұрақтылықты сақтау үшін тағы да мемлекетпен мәмілеге келуі тиіс. Ол дегеніміз, қоғам өзінің бейбіт өмір сүруге деген талпынысын қамтамасыз етуді бүгінгі әлемдегі тарихи жағдайды, халықаралық қатынастарды ескере отырып, барлық қажетті шараларды қабылдауды өзі негізін қалап, құрған мемлекетке тапсыруы тиіс. Үшінші, интеграциядан келуі мүмкін тағы бір салдар - рухани көңіл күйге, мәдениетке, салт-дәстүрге елеулі әсері болуы мүмкін құбылыс­тардың қоғамға енуі. Ондайлардың бірегейі - бұл бір жынысты некелердің заңдастырылуы. Бүгінгі таңда қазақстандық қоғам үшін бұл мүлдем келіспейтін, санадан тыс, түсінісуге келуі мүмкін емес құбылыс іспеттес. Алайда жеке адам мен мемлекеттің қатынастары деңгейі дами келе, қоғам мұндай құбылысты да бір кездері қабылдауы ғажап емес. Ең бастысы, екі жақты жауапкершілік еш төмендемеуі шарт. Айталық, соңғы жылдары (2003 жылдан бері) Түркия мемлекетінде гей-парадтардың өтуі осы айтқанымызға куә. Бұл жағдай тәуелсіз және зайырлы мемлекет болғанына 80 жылдан асқаннан кейін осы елдегі кейбір рухани ұстанымдардың өзгеріске ұшыра­ғандығын байқатады.
Аталған үш мысал қазақстандық қоғам үшін аса маңызды негізгі қатынастарды қамтиды: Ұлттық, Діни, Рухани. Осы үштікке іштен не сырттан әсер ететін кез келген ықпал қоғамдағы бірлік пен ынтымақ үшін сынақ болатынын әрбір қазақстандық түсініп және оның салдарының еліміздегі тұрақ­тылыққа нұқсаны болмауының жауапкершілік жүгін мемлекетпен бірге көтеруі тиіс. 
Жеке адам мен мемлекеттің қатынас­тарын үйлестіру идеялары жекелеп алғанда құ­қықтық мемлекеттіліктің теориясы мен тәжірибесінде көрініс табады. Құқықтық мемлекет үшін барлық әлеуметтік субъек­тілердің, оның ішінде мемлекетпен, заңмен шартсыз байланысы ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің адамның негізгі құқықтары мен еркіндіктерінің мызғымастығын, олардың қоғамдық және мемлекеттік ұйымдар алдын­дағы артықшылықтарын идеялық, заңна­малық және ұйымдастыру­шылық түрде тануы тән. 
Құқықтық мемлекеттің жалпы танылған өзге белгісі - мемлекет пен жеке адамның өзара жауапкершілік принципін белгілеу және қатаң сақтау. Бұл принцип мемлекеттің жеке адам мен қоғамға қатысты өз белсен­ділігін заңнамалық шектеуінен, мемлекеттің аза­маттардың мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған нақты міндеттемелерді қабыл­дауынан, мемлекеттің лауазымды тұлға­ларының қоғам мен жеке адам алдындағы өз міндеттемелерін орындамағаны үшін жауапкершілігінің іс-жүзіндегі шараларының болуынан көрініс табады. Ал өз кезегінде жеке адамның құқықтық мемлекеттегі еркіндігі бірегей емес, өйткені ол басқа адамдардың құқығымен, мүдделерімен және құқық­тарымен шектелген және регламент­телген. Сондықтан жеке адамнан барлық құқықтық ұйғарымдардың сақталуы және оның мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттерінің орындалуы талап етіледі.
Міне, философия мен психология ғылымдарының шекарасында жатқан осы аталған қарапайым қағидалар сан ғасыр қазақтар өмір сүрген Ұлы даланың мызғымас постулаты - «Ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты сақтау - тұрақты дамудың кепілі» деген қағиданың дұрыс екендігінің айқын дәлеліндей. Сондықтан қоғамдағы бірлік пен ынтымақты сақтау әрбір жеке адамның, әрбір қоғам мүшесінің парызы екендігін ұмытпаған абзал. Ал қазақстандық қоғам үшін жаңа идеологиялық платформа­ның негізіне Бірлік пен Ынтымақ алынатын болса, бұл қоға­мымыздың сан ғасырлық тарихына да, салтына да, діні мен діліне де сай және ұтымды болатыны сөзсіз.  
Әрине, психологиялық  шарт ретінде жоғарыда баяндалған тұжырымдар қазақ­стан­дық қоғамда күн сайынғы тіршілікте жүзеге асуда. Бірақ көпшілік үшін бұл өзінен-өзі солай болуы тиіс қарым-қатынастар сияқты көрінеді. Ал шын мәнінде, мұндай қаты­настардың қоғамда идеалды және тұрақты орнығуы үшін бірнеше онжылдар кетуі әбден мүмкін екендігін өмір көрсетіп отыр. Бүгінгі таңда қандай да бір мемлекетте жеке адам мен мемлекет арасында идеалды қатынастар орнаған деп айту қиын. Деген­менде, сол бағытқа қарай жасалған әрбір қадам­ның тек өркендеуге жол ашатыны анық. 
Бірлік пен ынтымақ қазақстандықтарға Ұлттық келісімді, Дінаралық төзімділікті және Рухани құндылықтарды сақтап, қоғам­дағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін аса қажет. Сондықтан да құқықтық мемлекет құру жолындағы игі бастамаларды, оның ішінде Ұлт жоспары «100 қадамда» белгілен­ген межелерді жүзеге асыруда әрбір жеке адам­ның қосатын өз үлесінің болуы маңызды.

 

 

Соңғы жаңалықтар