Бірнеше пәтерді тонаған әккі ұрылар қолға түсті - СҚО

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында бірнеше пәтерді тонап, 3 млн артық теңге шығын келтірді деген күдікпен екі ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жаз басталғалы Петропавлда пәтер тонаушылық көбейген. Бір жағдайда қылмыскерлер ұрлыққа күндіз түскен, есікті арнайы кілтпен ашқан.

Енді бір жолы ұры пәтерге екінші қабаттағы балкон терезесінен кірген.

13 шілде күні қаскөйлер Петропавлдағы Интернационал көшесіндегі пәтерге кіріп, ақша мен алтын бұйымдарды жымқырып кеткен. Зардап шегушінің сөзіне қарағанда, шығын сомасы 2 млн теңгеден асады.

Әккі ұрылар аса сақ болғандарына қарамастан, полицейлер олардың ізіне түсті. Облыстық полиция департаменті және Петропавл қалалық полиция бөлімі жедел уәкілдері куәгерлердің түсініктемелерін, оқиға орындарына жақын жерде орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын егжей-тегжейлі зерделеді. Сондай-ақ, осындай қылмыстар жасағаны үшін істі болған, жақында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар тексерілді.

Қылмысты жасау жолы бұған дейін сотталып, былтыр желтоқсан айында босап шыққан, наркологиялық орталықта есепте тұрған 36 жастағы қала тұрғыны екенін көрсетті. Екінші күдікті де бұрын сотты болған оның 34 жастағы танысы болып шықты.

Олар 14 шілде күні ұсталды. Күдіктілерге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3- бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Ұрланған заттардың бір бөлігі қала ломбардтарынан алынды.

«Қазіргі уақытта істе 6 эпизод бар, Петропавл тұрғындарына келтірілген шығын сомасы 3 миллион 190 мың теңге. Күдіктілердің ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр. Барлық жағдайда ұрылар құлпы нашар пәтерлерді, бейне бақылау орнатылмаған подъездерді таңдаған», - дейді СҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаров.

СҚО-да жыл басынан 274 пәтер ұрлығы тіркелді, қазіргі уақытта оның 190-ы ашылды.


Соңғы жаңалықтар