Біртанов Астанада №1 перинаталдық орталықтың қайта құрылу себебін түсіндірді

Оның айтуынша, Қазақстанда медициналық ұйымдар желісінің жаңа нормативі қабылданған. Бұл норматив көпбейінді ауруханаларда төтенше жағдайда қажетті мамандардың табылмауы мәселесін шешу үшін қабылданған.
«Бізде әр бейін бойынша немесе әр аурулар тобының жеке ауруханалары бар. Төтенше оқиғаларда көпбейінді ауруханаларда аясы тар бағыттағы мамандардың болмауы өзекті мәселе болып отыр. Жас аналар мәселесін алсақ, ауыр жағдайларда оларға қан тамырлары хирургі, бауыр, бүйрек мамандары, нефрологтар және өзге мамандар қажет болады, ал көпбейінді ауруханалардан мұндай мамандар табылмайды», - деді ол журналистерге берген сұхбатында.
Осылайша медициналық көмектің үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуге, қиын жағдайларда тиімді консультация беруге болады, деп есептейді министр. Бұл әдіс қажетті маманды табу үшін басқа клиникамен келіссөздер жүргізуден әлдеқайда жеңіл.
«Мұнда Астана әкімдігі стандартты орындау арқылы дұрыс шешім қабылдап отыр (...) Ең алдымен, біз әйелдерге акушерлік қызмет көрсетудің сапасын жақсартуымыз керек. Биыл, өкінішке қарай, Астанада ана өлімі оқиғасы көп тіркелді. Акушерлік қиындықтардың өзі өте қауіпті, Қазақстанда ғана емес, әлемнің барлық елінде өлім қаупі жоғары. Аналар үшін де, балалар үшін де барлық қажетті мамандар жоғары мамандандырылған көмек көрсетуі тиіс", - деп түсіндірді Е. Біртанов.
Алдағы 2-3 жылда екі аурухананың арасын жалғап, бірыңғай қабылдау бөлімі болатын қосымша ғимарат салу жоспарланған. Одан бөлек, министр №1 қалалық көпбейінді аурухананың перзентхана бөлімі ашылатынын хабарлады.
Айта кетейік, 2018 жылдың шілде айынан бері Астана перзентханаларында 5 әйел көз жұмды. Оның үшеуі - №1 перинаталдық орталықта, біреуі - №2 орталықта қайтыс болды. Тағы бір жас ана 1 қыркүйек күні жаңадан құрылған №2 қалалық көпбейінді ауруханада бақилық болды.