Біржан Нұрымбетов әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бағыттарын атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда халықтың әлеуметтік осал топтарын кәсіпкерлік қызметке тарту үшін 5 бағыт аясында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлік жеке нормативтік тұрғыда бекітілмеген. Жалпы кәсіпкерлікті дамытуға басымдық берілген. Бұған қарамастан, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі басқа ведомстволармен және халықаралық ұйымдармен серіктестікте халықтың әлеуметтік осал топтарын кәсіпкерлік қызметке тарту бойынша 5 бағыт аясында жүйелі жұмыс жүргізуде», - деді министр Сенатта өткен әлеуметтік кәсіпкерлермен кездесу барысында.

Оның айтуынша, бірінші бағытта «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы арқылы аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы отбасылардың мүшелері, жұмыссыздар, мүгедектігі бар тұлғалар және тағы басқа тараптар кәсіпкерлік қызметке белсенді тартылуда. Бағдарлама 2017 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Осы уақыт ішінде 2 миллионға жуық адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылды.

«Биылдың өзінде 769 көпбалалы және аз қамтылған отбасыға жалпы сомасы 2,8 млрд теңгені құрайтын жеңілдетілген шағын несие берілді. Сонымен қатар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 9 мыңнан астам адам мемлекеттік грант алды, 10 мыңға жуық мүгедектігі бар адам жұмыспен қамтылды», - деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің атап өтуінше, екінші бағыт әйелдер арасында кәсіпкерлікті дамытуды көздейді. Осы мақсатта Еңбек министрлігі «БҰҰ-Әйелдер» бейінді агенттігімен бірлесіп, олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту жобасын жүзеге асыруда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бүкіл республика бойынша Нұр-Сұлтандағы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы мен Алматыдағы «Бақытты отбасы» орталықтары тәжірибесі таратылып жатыр.

«Бүгінде елімізде 31 орталық, оның ішінде 19-ы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы ашылды. Бұл орталықтарда 225 адам жұмыс істейді және оның 31-і - белсенділер қатарынан және көпбалалы аналар мен мұқтаж аналар. Осы уақытқа дейін орталықтарда 170 мыңнан астам адам қызмет алды. Орталықтар тек жұмысқа орналастыруға ғана емес, әйелдер кәсіпкерлігіне басымдық береді», - деп ол.

Оның дерегінше, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтанда аз қамтылған әйелдер мен мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналарға арналған 8 орталық ашылды. Олардағы жұмыс шағын бизнес-инкубаторлар сипатына негізделген. Тиісті орталықтарда 100-ден астам көпбалалы және аз қамтылған ана өз бизнесін бастады.

Ал үшінші бағыт арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін әртүрлі жеке медициналық-әлеуметтік мекемелердің, дағдарыс орталықтарының жұмысын жақсартуды көздейді. Қазіргі кезде Қазақстанда арнайы әлеуметтік қызметтерді ұсынатын 931 ұйым бар, оның ішінде 180-ге жуық мемлекеттік емес ұйым өз қызметін мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру арқылы да жүзеге асырып келеді.

Төртінші бағыт әлеуметтік кәсіпкерлікті тұрақты негізде көтермелеу және танымал етуге бағытталған. 2013 жылдан бастап Еңбек министрлігі қоғамдық бастамаларды қолдауға және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдай жасауға бағытталған «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» республикалық көрмесін өткізіп келеді. 7 жыл ішінде байқауға 1192 жоба қатысты. Оның ішінде 171 әлеуметтік жоба түрлі аталымдар бойынша жеңімпаз деп танылды.

Бесінші бағыт мүгедектігі бар кәсіпкерлерді, мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтыған. Сондай-ақ мүгедектерге арналған тауарлар, жұмыстар мен қызметтер өндіретін кәсіпорындарды қамтитын «Scaleup» бизнесті қаржылай емес қолдау бағдарламасын іске асыруды көздейді.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп таңдаған тізімге 76 ұйым кіреді. Осы компаниялармен бірге даму мен қызмет ауқымын кеңейтудің жол карталары әзірленді.


Соңғы жаңалықтар