Бішкекте «Барселонаның» аңыз ойыншылары жасыл алаңға шықты

Азиялықтар сапында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, қазақстандық ардагерлер Давид Лория, Самат Смақов, Андрей Карпович, Игорь Авдеев, қырғызстандық Руслан Сыдықов, өзбекстандықтар Сервер Джепаров, Бахтиёр Ашурматов, Леонид Кошелев, ирандық Ходадад Азизи және БАӘ өкілі Башир Саид жасыл алаңға шықты.

«Барселонаның» бастапқы құрамы мынадай болды: Ангой Хесус, Джулиано Беллетти, Эдгар Давидс, Карлес Пуйоль, Роберто Трасоррас, Хавьер Савиола, Людовик Жюли, Джовани Дос Сантос, Ривалдо, Серхи Бархуан және Хуан Пабло Сорин.
Матч алдында сөз сөйлеген С.Жапаров қырғызстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Джалал-Абадта ашылған «Барселона» академиясының жаңа жұлдыздарды тәрбиелеп шығаруға мүмкіндігі бар екенін жеткізді. Президент сондай-ақ Бішкекте де осы клуб академиясының іргесі қаланғанын хабарлады.

Матчқа жергілікті төрешілер Равшан Ирматов, Бахадыр Кочкаров, Абдухамидулло Расулов, Санжар Жақыпбеков және Рыспек Шекербеков қазылық етті.
Бұдан бұрын Джалал-Абадта 29 тамыз күні ТМД елдерінде алғаш рет «Барселона» клубының 29-ыншы академиясы салтанатты түрде ашылды. Оның ашылу рәсіміне Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, «Барселона» клубының президенті Жоан Лапорта бастаған мәртебелі меймандар қатысты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық футболшылар Азия жұлдыздары құрамында «Барселона аңыздарына» қарсы ойнайтынын жазған едік.