Бішкекте дүлей апат қаупін төмендету бойынша ҚР тәжірибесі таныстырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бішкек қаласында Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдеріндегі балалар арасындағы дүлей апат қауіп-қатерлерін азайту саласындағы білімді басқару бойынша 4-ші семинар өтті. Онда Қазақстанның дүлей апат қатерлерін азайту тәжірибесі ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің өкілі Руслан Иманқұлов халыққа Комитет жұмысы мен ТЖ кезіндегі іс-қимыл қағидаларын оқыту бойынша аумақтық бөлімшелер туралы әңгімеледі.
Ол БАҚ арқылы халыққа ТЖ кезіндегі іс-қимыл қағидаларын оқыту механизмін құруды ұсынды. Одан бөлек, ата-аналармен жүйелі түрде жұмыс жасау керектігіне баса назар аударды. Себебі ата-ананың салғырттығынан көп жағдайда балалар зардап шегеді. Сонымен бірге, осындай шараларда жиналған бар мәліметтерді Алматы қаласы Төтенше жағдайлар және табиғи апаттардың қауіп-қатерлерін азайту орталығының сайтына орналастыру туралы ұсыныс жасалды.
Сондай-ақ «ЗУБР» консалтинг-орталығының өкілі Юлия Натарова, Педагогтардың біліктілігін арттыру институтының өкілі Любовь Дорожкина, Ұлттық білім беру академиясының өкілі Алмагүл Мұхамедханова мен Құрылыс ұлттық институтының өкілі Нұрахмет Мәкіш баяндамалар жасады.
Қазақстандық өкілдердің баяндамалары мен ұсыныстары өзге елдерден келген делегацияның қызығушылығын тудырды.
