Бишімбаев мерзімінен бұрын босап шығуы мүмкін бе
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты Алқабилердің үкімі шықты. Экс-министр 24 жылға сотталды. Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Бишімбаевтың шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығуына мүмкіндігі бар. Дегенмен, сенатор Амангелді Төлемісов «ол өтініш бергенше мұндай мүмкіндік заңнан алынып тасталуы да мүмкін» дейді. Депутаттың айтуынша, мұның себебі – елдегі заң күннен-күнге қатаңдап жатыр. Бишімбаев ісі – ел тарихында тікелей эфирде ашық өткен алғашқы сот процесі. Заңгерлер бұл процесті қалай бағалайды? Алқабилер тиімді болды ма? Kazinform тілшісі Сенат депутаты Амангелді Төлемісовтен мұндай процестің қоғам үшін маңызын және Бишімбаевтың жазасына қатысты пікірін сұрады.


Заңгерлер арасында бұл процесс талқыланғаны сөзсіз. Сенатордың айтуынша, бұл процесті олар оң бағалаған. Ал, соттың ашық өтуі халықтың құқық саласындағы білімін арттыруға ықпал етті.
- Алқабилердің қатысуымен өткен сот ісі қоғам үшін өте пайдалы болды, себебі халықтың сотқа деген сенімі артты. Ешқандай монтажсыз, тікелей эфирде, халықтың көз алдында өтті. Тұрғындардың құқықтық сауатын арттырды. Заңгерлердің ортасында да дұрыс, яғни оң бағаланды деп ойлаймын. Себебі тәуелсіз Қазақстанның тарихында бірінші рет болып отыр. Дәл осы істегі сөзжарыста зардап шеккен тарап та, адвокаттар да, прокурорлар да бар мүмкіндігін заң түрінде пайдалана алды, – деді Амангелді Төлемісов.
Депутат Алқабилердің тәжірибесіне арнайы тоқталды. Елімізде сотқа Алқабилердің қатысуы енгізілгеніне 17 жыл болған. Осы уақытқа дейін оларға қатысты нормалар бірнеше рет өзгерді. Басында өлім жазасы мен өмір бойы бас бостандығынан айырылатын істер ғана қаралса, кейін орта ауыр қылмысқа да алқабилер шақырылатын болып, заң өзгерген.
- Сот алқабилері 2007 жылдан бері енгізілді. Ол тиімділігін көрсетті. Алғашында өлім жазасы мен өмір бойы бас бостандығынан айырылатын істерді ғана қарайтын. Кейін 2010 жылдан бастап аса ауыр қылмыстар қаралатын болды... Ал 2019 жылы аса ауыр, ауыр және орта ауыр қылмыстық істер қаралып келеді, – деп бөлісті спикер.
Экс-министрге тағылған Қылмыстық кодекстің баптарына сүйенсек, Алқабилер оған қатысты өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын беруі мүмкін еді. Ал, депутаттың айтуынша, Алқабилердің бүгінгі үкімі тәуелсіз болды. Сол себепті істі тек заң аясында қарап, нақты үкімін кесті. Сондай-ақ, сенатор сотталушы Бишімбаев жазасын толық өтегенше 70 жасқа таяп қалатынын және 24 жыл бас бостандығынан айыру – «өмір бойы бас бостандығынан айырумен пара-пар» деп атап өтті.
- Қазір Бишімбаев 44 жаста. 24 жылдан кейін 68 жасқа келеді. Өмір бойы бас бостандығынан айырумен пара-пар деуге болады. Сот алқабилердің шешімін қолдаймын. Халық өмір бойы бас бостандығынан айыруы мүмкін деп күткенімен, алқабилер нақты заңға сүйенді, яғни халықтың ығына жығылмады деуге болады, – деді Амангелді Төлемісов.
Дегенмен, Қуандық Бишімбаевтің шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығуына мүмкіндік бар. Тек ол жазасының үштен екі бөлігін, яғни 16 жылын өтегеннен кейін ғана мерзімінен бұрын шығуға өтініш бере алады. Бірақ депутат елімізде заң қатаңдап жатқанын ескеріп, бұл норма өзгеріп кетуі мүмкін, Бишімбаевтің «өтініш беруге мүмкіндігі» болмауы ықтимал деген пікір білдірді.
- Бишімбаев шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға өтініш беруі мүмкін. Бірақ өтініш беру үшін сотталған уақыттың 2/3 бөлігін қамауда өтеу керек, 16 жылын өтегеннен кейін өтініш бере алады. Ол да сотта қаралады. Тіпті оған дейін заңға өзгерістер енгізілуі мүмкін. Қазір заңдар қатаңдатылып жатыр. Әртүрлі іс қаралады. Заң жетілдіріледі, өзекті мәселелер қаралады. Сондықтан ол уақытқа дейін заңнан шартты түрде босату бабы алынып тасталуы да мүмкін, – деп толықтырды сенатор.
Биыл 15 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңдарға қол қойды. Халық бұл заңды «Салтанат заңы» деп атап кетті. Сенатордың сөзінше, осы заң әйелдердің қорғануға деген сенімін арттырып, тиімділігін көрсетеді.
- Әрине, бұл заң тиімді болады. Бүгін нүктесі қойылған Бишімбаевтың ісі де әйелдер құқығын қорғап, сотқа арыздануы керек екенін көрсетті. Зорлықтың кесірінен адам өмірі қиылды және тиісті жазасын алды. «Салтанат заңы» немесе Зорлық-зомбылық туралы заңда бұған дейін азаматтық іс деп қаралатын істер қылмыстыққа көшірілді. Заң қатаңдатылды. Бала құқығына қатысты біраз өзгеріс енгізілді. Сондай-ақ, қиын жағдайға тап болған отбасыларға арналған орталықтарда заңгерлер болады. Мұндай отбасыларға өз құқығын қорғай алатыны туралы заң тұрғысынан түсіндіріледі. Бұл заң әйелдердің сенімін арттырды. Халық енді әділ шешім болатынына сенеді, себебі сотқа деген сенімі артты, – деп атап өтті Амангелді Төлемісов.
Спикер пікірін сот ашық өту керек және мұндай практиканы жалғастыру керек деп түйіндеді.
- Жалпы, бұл - Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және «Әділетті Қазақстан» бастамасының шын мәнінде іске асырылып жатқанының дәлелі. Сондай-ақ, «Әділетті Қазақстанның» құқықтық мәдениет қалыптастыруда сот процесін ашық өткізу тиімді. Алматыдағы жүргізушіге қол жұмсағанның салдарынан үш адамның өліміне қатысты процесс те тікелей эфирде көрсетілді. Мұның бәрі оң өзгеріс және сотты ашық өткізуді жалғастыру керек, – деп қорытындылады сұхбатты сенатор.
Айта кетейік, бүгін судья Айжан Құлбаева Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты Алқабилердің үкімін оқыды.
Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағында, 99-бөлігінің 1-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, ҚК-нің 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша – 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық кодекстің 58-бабының 4-бөлігіне сәйкес, қылмыстардың жиынтығы бойынша жазаларды ішінара қосу арқылы Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар, Алқабилер Бақытжан Байжановты ағасы Қуандық Бишімбаевтың қылмысын жасырғаны үшін кінәлі деп тапты. Сөйтіп сот Байжановты 4 жылға бас бостандығынан айырды.