Бишімбаевтың інісі бостандықта — сот қаулысы

АСТАНА. KAZINFORM — Бұрынғы Ұлттық экономика министрі, азаматтық некедегі әйелін өлтірді деген айыппен сотталған Қуандық Бишімбаевтың туыс інісі Бақытжан Байжанов (ол да істі болды) рақымшылықпен бостандыққа шықты.

Бақытжан Байжанов
Коллаж: Kazinform

Бұл туралы Ақмола облысы Степногорск қалалық соты хабарлайды.

— Степногорск қалалық сотында қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің «ҚР Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңды қолдана отырып, сотталған Б.-ға жазасын өтеу мерзімін қысқарту туралы ұсынысы қаралды. Сотталған Б.-ға қатысты ұсыныс келесі негіздер бойынша қанағаттандырылды. Қылмыстық кодекстің 78-бабының 2-бөлігіне сәйкес, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға жаза мерзімі қысқартылуы мүмкін. Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына сәйкес, негізгі жазаның өтелмеген бөлігінің мерзімі немесе мөлшері залал өтелген жағдайда не олар болмаған кезде ауыр қылмыстар бойынша үштен біріне қысқартылады, — деп түсіндірілген сот актісінде.

Ақпаратта айтылғандай, Бақытжан Байжанов сот үкімімен мәжбүрлі төлем мен шығынды толық көлемде өтеген. 

— Сот қаулысымен Б.-ға жаза мерзімін қысқарту туралы ұсынысы қанағаттандырылды. «ҚР Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңға сәйкес, сотталған Б.-ға өтелмеген жаза мерзімі 1/3 бөлікке қысқартылды және өтеуге түпкілікті 1 жыл 4 ай 17 күн бас бостандығынан айыру мерзімі белгіленді, — деп хабарлайды Степногорск соты.

Сот актісі заңды күшіне енді.

Еске салайық, экс-шенеунік Қуандық Бишімбаев азаматтық некеде болған әйелін өлтіргені үшін 24 жылға сотталды. Ал туыс інісі Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Биыл шілдеде Қ. Бишімбаевтың туыс інісі Бақытжан Байжанов рақымшылыққа өтініш берді

Араға аз уақыт салып Степногорск соты Бақытжан Байжановқа рақымшылық жасады. 

Соңғы жаңалықтар