Бітік шыққан биылғы астықты сақтау бойынша қауіптер тым әсіреленген - Б.Қабдырахманов

Қазақстанда 13,5 млн. тонна астықты сақтауға арналған лицензияланған 223 астық қабылдау кәсіпорны (АСК) бар. Сондай-ақ, 8,9 млн. тонна бидайға есептелген лицензияланбаған АСК-лар жұмыс істейді. Бұл ақпаратты «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Бейбітхан Қабдырахмановтың сөзіне сілтеме жасап, компанияның баспасөз қызметі таратты.
Тәуелсіздік жылдары ішінде алғаш жиналған рекордты - 29 млн. тонна астықты аман-есен сақтап қалу мүмкіндіктері туралы әңгімелер көп қозғалуда. Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы басшылығының айтуынша, биыл өз уақытында қолға алынған шаралар, бұл мәселеге қатысты түйіткілдерді дер уақытында шешуге мүмкіндік берді.
«Ағымдағы жылдың жазында-ақ біз үкіметке ұсыныспен шықтық, 22 тамызда астық егетін өңірлердегі элеваторларды жаңа егінге босату үшін, 500 мың тонна астықты өзге аймақтардағы элеваторларға ауыстыру туралы шешім қабылданды», - деп атап өтті Б.Қабдырахманов.
Солайша, Батыс Қазақстан облысының элеваторларына - 203,3 мың тонна, Ақтөбеге - 166,4 мың тонна, Шығыс Қазақстан облысына - 203,3 мың тонна, Маңғыстау облысына - 43,7 мың және Қарағанды облысының элеваторларына - 26,8 мың тонна астық бөлініп, ауыстырылды. Астық Ақмола (133,7 мың тонна), Қостанай (179,9 мың тонна) және Солтүстік Қазақстан облыстарынан (186,6 мың тонна) шығарылды.
«Биылғы астықты сақтау бойынша қауіптер біршама әсіреленген. Қазақстанда 13,5 млн. тонна астықты сақтауға арналған лицензияланған барлығы 223 астық қабылдау кәсіпорны (АСК) бар. Сондай-ақ, 8,9 млн. тонна бидайға есептелген лицензияланбаған АСК-лар жұмыс істейді. Онымен бірге, қазір көптеген фермерлер өздерінің шаруашылықтарында кептіру-тазарту құрылғыларын орнатты, олар астықты өздерінің қоймаларында сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бидай экспортқа шығарылуда, бұл да сақтау қоймаларының босауына септігін тигізуде», - деді Басқарма төрағасы.
Айта кетейік, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдын ала болжамы бойынша, 2011 жылы таза салмақта 22-23 млн. тонна астықтың орылуы күтілді. Ал экспорт 10 млн. тонна шамасында бағаланды. Мол шыққан астықтың арқасында биыл елдің экспорттық әлеуеті 15 млн. тоннаға дейін артты. Сыртқы сауда айтарлықтай жақсы болмақ, себебі, қазақстандық бидайдың әлемдік нарықтағы бәсекелестік басымдығы - жоғары сапалы көрсеткіштер. Онымен қоса, АҚШ пен Еуропалық одақ елдерінде ауа райының қолайсыз жағдайларына байланысты дәнді дақылдардың өнімі біршама азайды, бұл жәйт Қазақстан астығының эскпортына оң әсерін тигізбей қоймасы анық.