Бітпейтін жөргекпұлдың жыры ғой бұл... - баспасөзге шолу
***
Зайсан-Ертіс су бассейніндегі балық түрлері екі есе азайып кеткен, деп жазады "Егемен Қазақстан" газеті бүгінгі санындағы "Қайран көксерке!.." атты мақаласында. Мақала авторының мәліметінше, қазіргі кезде Шығыс Қазақстан облысында 80-нен астам көлдер мен өзендер бар екен. Соның жартысынан астамында табиғи жолмен балық өсірілуде. Алайда, соңғы бірнеше жылда Зайсан-Ертіс су бассейніндегі балық қоры екі есеге азайған. Балыққа ажал табиғат апатынан емес, суық қолды, жаны ашымастардың кесірінен келіп жатыр. Бұл мәселе Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасы қызметкерлерінің назарынан шыққан емес. Өткен жылы прокуратураның алқа жиынында облыстағы өзен-көлдерде балықтың азайып бара жатқаны, оны қорғаумен айналысатын тиісті органдардың нашар жұмыс істейтіні сын тезіне алынғанымен, оң өзгерістер орын алудың орнына, керісінше, жағдай күрделілене түскен. Заңсыз балық аулап, оларды сақтайтын тоңазытқыштарды тексеруде Төтенше жағдайлар, СЭС ГАСКО мекемелері де ешқандай әрекет жасамай отыр. Мамандардың айтуынша, бұл күндері Күршімде - 49, Көкпектіде - 15, Тарбағатайда - 21 балық өңдейтін цехтар мен ірі-ірі тоңазытқыштар бар екені тіркелген. Ал осы цехтарды тексеріп, ондағы сақталатын балық қандай жолмен ауланған, салығы төленген бе, бюджетке қанша қаржы аударған деген мәселемен аты аталған мекеме қызметкерлері шұғылданбайтын сияқты. Яғни, мұнда да ұйымдасқан қылмыстың иісі аңқып тұр. Облыс прокуроры аудандық әкімдіктегі балыққа жауап беретін адамдардың, ауылдық округ әкімдері, аудандық ішкі істер бөлімдері басшыларының табиғат байлығын қорғауға немқұрайды қарап отырғанына бұдан әрі шыдамайтынын айтып, олардың өз қызметтеріне лайық па деген сауалды облыстық әкімдік, Ауыл шаруашылығы министрлігі басшыларына жолдайтынын хабарлады, деп жазады мақала авторы. Өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі халық саны 17 397,2 мың адамды құрады, соның ішінде қалалықтар - 9 612,6 мың (55,3%), ауылдықтар 7 784,6 мың адамды (44,7%) құрап отыр. 2014 жылғы қаңтар-қарашада жалпы елімізде халық саны 236,4 мың адамға немесе 1,38%-ға өсті, 2013 жылғы 1 желтоқсанмен салыстырғанда халық саны 251,5 мың адамға немесе 1,47%-ға артқан, деп жазады аталған басылым "Қазақстан халқы 17 миллионнан асты" деген мақаласында. Бұл жөнінде Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде болған брифинг барысында Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Әлихан Смайылов хабарлады. Оның айтуынша, жыл сайын жақсы жағынан артып отырған көрсеткіштер барлық салада көрініс тауып отыр. Мысалы, АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, өткен жылдың қаңтар-қарашасында туғандар саны 368,9 мың адамды құрап, 2013 жылғы қаңтар-қарашаға қарағанда 5,8 мың адамға немесе 1,6%-ға артқан. Ал қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 120,8 мың адамды құрап, 2013 жылғы қаңтар-қарашаға қарағанда 5,9 мың адамға немесе 4,7%-ға азайған. Ал экономикадағы өзгерістер бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 2014 жылғы қаңтар-желтоқсанда 2013 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 102,8%-ды құрады. Сондай-ақ, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 6574,7 млрд. теңгені құрап, бұл көрсеткіш 2013 жылға қарағанда 3,9%-ға артты. Ал өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағаларда 18492,8 млрд. теңгені құраса, бұл көрсеткіш 2013 жылмен салыстырғанда 0,2%-ға артық, деді Ә.Смайылов. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2509,9 млрд. теңгені құрап, 2013 жылмен салыстырғанда 0,8%-ға артқан. *** « Айқын » газетінің жазуынша, «Brent» маркалы шикізаттың бір баррелі 45 долларға дейін төмендеді. «Қара алтын» құнының түсуіне АҚШ-та мұнай қорының артуы және Біріккен Араб Әмірліктерінің өндіріс көлемін ұлғайту туралы мәлімдемесі себеп болып отыр. Ал «Goldman Sachs» банкінің болжамынша, алдағы үш айда энергетикалық отын бағасы 41 долларға дейін арзандауы мүмкін. Нью-Йорктегі тауар биржасында «Brent» маркалы мұнай барреліне 45 доллар 86 центке саудаланған. «Қара алтынның» бұлайша құлдырауы соңғы алты жылда болмаған. Екінші деңгейлі WTI маркалы мұнайдың бағасы барреліне 44 долларға дейін төмендеді. Ал мұнайды ең көп өндіретін АҚШ пен құрамына 12 мемлекет біріккен ОПЕК өндіру көлемін кемітуге қарсы. Мақала "Мұнай бағасы тағы арзандайды" деген тақырыппен беріліп отыр. Жақында Түркия үкіметі ел демографиясына тың серпін беруді қолға алыпты. Жаңа қабылданған қаулы бойынша, аналарға әр босанған сәбиі үшін төленетін ақы көлемі көбейе бермек, деп жазады "Айқын" басылымы бүгінгі санындағы "Бітпейтін жөргекпұлдың жыры ғой бұл..." атты мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Түркияның Премьер-министрі Ахмет Дәуітоғлының мәлімдемесіне сүйенсек, алғашқы баласын босанғандар үшін - 150 АҚШ доллары, ал екінші баласына алатын ақысы 200 АҚШ доллары болса, үшінші сәбиге 300 АҚШ доллары төленеді. Ал ең орташа жалақы 330 АҚШ доллары екенін ойласаңыз, жөргекпұлдың қаншалықты өскенін бағамдай беріңіз. Ал Қазақстанда халық санын 20 миллионға жеткізу жолында қандай іс атқарылып отыр? Бағамдап көрейікші. Бала дүниеге келгенде берілетін бір реттік жәрдемақы мәселесі әлі күнге күн тәртібінен түскен жоқ. Тіпті өткен жылы бұл мәселеге орай депутаттар «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізген еді. Екі жылға жуық Парламенттің талқылауында болған бұл заңға қазақстандық аналардың көңілі көнши қойған жоқ. Мәселен, елімізде жалақы мөлшері біркелкі емес. Кейбір аналардың айлығы 180 мың болса, кейбіреулердің айлығы 50-60 мыңнан аспауы мүмкін. Егер 180 мыңнан жоғары айлық алсаңыз, бір реттік берілетін жәрдемақы құны 700 мыңнан асып- жығылады. Ал 50-60 мың жалақы алатын аналардың бір реттік жөргекпұлы қандай болмақ?! Түркия ел демографиясына тың серпін беруді қолға алды. Ал Ресей, Беларусь, Украина секілді мемлекеттерде жөргекпұл берудің мәселесі баяғыда шешімін тапқан. Оларда біржолғы өтемақы құны біздікінен әлдеқайда көп. Украина алғашқы балаға - 3500, екінші балаға 5000 АҚШ долларына тең өтемақы беріп келген екен. Ал белорустар ана мен баланың қамы үшін не істейді? Беларусь әрбір жаңа туған бала үшін 1500 доллар көлемінде өтемақы төлейді. Халқы бізден бірнеше есе көп болса да, Ресей де ана мен бала мәселесін алдыңғы кезекке қойған. Ресейліктер жаңа туған алғашқы баласы үшін 3500 доллар жөргекпұл алады, деп жазады мақала авторы.