Биыл 10 мыңға жуық ұстаз біліктілікті жоғарылату курстарынан өтеді

Бұл туралы бүгін Астанада педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесіне арналған конференцияда ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов мәлім етті.
«2012 жылы «Өрлеу» АҚ 6595 мұғалімді қайта дайындықтан өткізді. Биыл біліктілікті арттыру жүйесі арқылы 9900 мұғалім халықаралық талаптар бойынша оқытудан өтпек», - деді вице-министр.
Оның атап өткеніндей, ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасымен 3 айлық курстарға қойылатын талаптарды жоғарылату мақсатында «Өрлеу» филиалдарында деңгейлік бағдарламалар орталықтары құрылған.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ педагог кадрларды біліктілігін арттыру жүйесінде көшбасшы болып табылады. Былтыр Үкімет қаулысымен елдегі дара күй кешкен, базасы әлсіз 17 институт «Өрлеу» орталығына біріктіріліп, орталықтың филиалдарына айналған болатын.