Биыл 11 мың шақырымнан астам автожол жөндеу жұмыстарымен қамтылады

«Биыл құрылыс-монтаждау жұмыстары жалпы пайдаланымдағы 11 мың шақырымнан астам автожолда жүргізіледі. Республикалық желі бойынша 3,6 мың шақырымда құрылыс және реконструкция жұмыстары жалғасады, соның 856 шақырымын аяқтаймыз. Күрделі және орташа жөндеумен 3,4 мың шақырым жол қамтылады», - деді А. Беков Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, биыл жергілікті автожол желісінде жөндеудің барлық түрлерімен 4 мың шақырым жол қамтылмақ, соның 3 мың шақырымы пайдалануға беріледі.
«Жыл қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 92 пайызға және жергілікті желі бойынша 87 пайызға дейін жеткізіледі», - деді Амангелді Беков.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2022 жылы нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 91 пайызға дейін, ал жергілікті желі бойынша 85 пайызға дейін жетті.