Биыл 11 мыңнан астам қазақстандық төтенше жағдай кезінде құтқарылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері Қазақстанда 11 233 адам төтенше жағдай кезінде құтқарылды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Биыл 11 айдың ішінде ел көлемінде 12 мыңнан астам төтенше жағдай (12 055) тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда 8 процентке төмен. Бұл көрсеткішке жекелеген қызмет бағыттары бойынша алдын алу және профилактикалық жұмыстар бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралардың арқасында қол жеткізілді. Біздің мамандар 11 233 адамды төтенше жағдайдан құтқарып, 12 002 адам эвакуацияланды. Сондай-ақ, 4 мыңнан астам азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетті. Жыл басынан бері төтенше жағдайдан 1 736 адам зардап шегіп, өкінішке қарай 838 адам қаза тапты. Оның ішінде өрттен қаза болғандар саны 19%-ды құрайды, суда 8,3% және өндірістік апаттан мерт болғандар 5 есеге өсіп отыр», - деді Ю. Ильин орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, министр газ баллоны жарылысынан зардап шеккендер туралы айтты.

«Жыл басынан бері газ баллоны жарылысы Нұр-Сұлтан және Петропавл қалаларында болды. Салдарынан 4 адам қаза тауып, 15-тен астам азамат зардап шекті. Одан бөлек, Ақмола облысы Шортанды ауданында газ баллоны жарылысынан 6 адам мерт болды, оның үшеуі бала. Одан бөлек, Жамбыл облысындағы әскери қоймада өрт шығып, 17 адам қаза тапты», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар