Биыл 20 мың адам көлік айдау құқығынан айырылған

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері жол ережесін бұзғандардың басым бөлігі – жылдамдықты арттырғандар. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл 20 мың адам көлік айдау құқығынан айырылған

«Биыл 4,5 млн астам жол жүру қағидаларын бұзудың жолы кесілді. Барлық ереже бұзудың 43% белгіленген жылдамдықты асырғандар екенін атап өткен жөн», - деді Жандос Мұратәлиев орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оған қоса, 216 мыңнан астам жаяу жүргіншіге айыппұл салынған.

«Көлікті мас күйінде басқарғаны үшін 18 мыңнан астам жүргізуші ұсталды. 20 мың жүргізуші көлік айдау құқығынан айырылды, 16 мың адам әкімшілік қамауға алынды», - деді спикер.

Бұған дейін ҚР ІІМ өкілі әрбір төртінші жол апаты жылдамдық режимін сақтамаудан болатынын айтқан еді.

Сонымен бірге, жыл басынан бері балалар зардап шеккен 2 378 жол-көлік оқиғасы болған, онда 181 бала қаза тауып, 2 826 бала жарақат алған.