Биыл 265 мың бала мектеп табалдырығын алғаш аттайды - М. Орынханов
АСТАНА. 26 тамыз. ҚазАқпарат - 1 қыркүйекте 2,5 млн оқушы үшiн 7 мың 398 мектеп өз есiктерін ашады. Бұл туралы бүгін ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Бiлiм және ғылым вице-министрi Мұрат Орынханов мәлім етті.
«Атап айтқанда, оқушылар саны жыл санап артып келедi. Биыл бірінші сыныпқа 265 мың бала барады»,-деді вице-министр.
Айта кетейік, алдағы оқу жылының ерекшелігі - бiрiншi сыныптан бастап шет тiлiн енгізу, сондай-ақ қанатқақты жоба ретінде жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесiн iске қосу қамтылған. Мұнымен қоса, Абайтану, Алаштану және басқа да жаңа пәндер ескерілген.