15:07, 29 Наурыз 2015 | GMT +5
Биыл 337 көкшетаулық жалдамалы жаңа пәтерге қол жеткізеді
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биыл 337 көкшетаулық жалдамалы жаңа пәтерге қол жеткізеді. Бұл туралы Көкшетау қаласы әкімі Ермек Маржықпаевтың азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауында айтылды, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметінен.

Қабылдауға келген сегіз адамның 7-уі баспана мәселесін көтерді. Мәселен, Жанар Тұрсынбекова бюджеттік ұйымның қызметкері ретінде 705-ші болып пәтер кезегінде тұрған айтып, көмек сұрады.
Осы орайда, қала әкімі баспана кезегі заңнамаға сәйкес шешілу керектігін алға тартты.
«Бүгін күні пәтер кезегі біртіндеп, шешілуде. Ағымдағы жылы 337 көкшетаулық жалдамалы жаңа пәтерге қол жеткізеді», - деді Ермек Маржықпаев.
Ал 4 бала тәрбиелеп жатқан көпбалалы анаға материалдық көмек көрсету жөніндегі сұрақтарды жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүктеді.
Жалпы, азаматтарды қабылдау барысында айтылған барлық мәселелерді қала әкімі мемлекеттік органдардың басшыларына қолданыстағы заңнама аясында шешу жөнінде тапсырма берді.