18:13, 27 Тамыз 2014 | GMT +5
Биыл 633 мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналасты - Қызылорда
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Қызылорда облысында 2013-2014 жылдары мүгедектердің құқығын қорғау мен олардың өмір сүру сапасын жақсартуды қамтамасыз ету жөнінде «Жол картасы» бекітілген болатын. Онда белгіленген міндеттер үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында-ақ 99 пайызға орындалды. Осыған орай, Елбасы тапсырмасына сәйкес, наурыз айында 2014-2015 жылдарға арналған жаңа «Жол картасы» бекітілді, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Онда мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру мен оларға кедергісіз ортаны қалыптастыруға ерекше басымдық берілген. Бұл жұмыстар «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалымен бірлесе атқарылуда.
Бірінші кезеңде мүгедек жандарды кәсіби оңалтуды қамтамасыз ету міндеті қойылып, сол бойынша жыл басында облыста тіркелген 375 жан жұмысқа орналастырылды. Ал ағымдағы жылы мүмкіндігі шектеулі 633 адам жұмысқа орналастырылды. Мұнан өзге тағы да 750 адам жұмыс жасауға ниет білдіріп отыр.