Биыл Ақмола облысында астық шығымы көңіл қуантарлықтай - ҒӨО ғалымдары (ФОТО)

Осында өңір басшысы «Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының» директоры Жексенбай Қасқарбаев бастаған ғалымдармен кездесіп, егіннің шығымы жөнінде сұрап білді. Ғалымдардың айтуынша, биылғы жылы өңірде егіннің шығымы да, пісіп-жетілуі де жаман емес көрінеді. «Өткен жылмен салыстырғанда биыл жауын-шашын көп жауғандықтан, ылғал мол болды. Ал соңғы ай ашық әрі ыстық күндерімен ерекшеленді. Сол себепті ауа райы алдағы уақытта да осы қалпында тұрса, егіннің пісіп-жетілуіне қолайлы болар еді. Тамыз және қыркүйек айларында жауын жылдағы деңгейде болса, онда орташа әр гектарынан 13 және 15 центнерден астық алуға мүмкіншілік мол», - дейді Жексенбай Қасқарбаев. Осы орайда, облыс әкімі бидай сабағының технологиялық биіктігі мен масақтарының толық жетілуін ерекше атап өтті. Облыстың өзге өңірлеріндегі кейбір шаруашылықтардың егіндерінің кеш пісуіне байланысты орақ науқанын таңдау арқылы жүргізу тиімді болатынын ескертті. Сондай-ақ диқандардың жұмысына оң бағасын берген өңір басшысы аудан орталығы Шортанды кенті мен Дамса ауылындағы жылу қазандық, орта мектеп және өзге де әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.