16:36, 05 Қаңтар 2016 | GMT +5
Биыл Астанада жаңа мектептер мен балабақшалар салынады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада әлеуметтік маңызды нысандар құрылысы жалғасады. 2016 жылы 600 орындық жалпы білім беру мектебінің, 800 орындық екі кәсіптік техникалық мектептің, 375 орындық коррекциялық мектеп-интернаттың және әрқайсысы 525 орындық мектепке жапсарлас ғимараттың құрылысы аяқталады, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Бұдан басқа, биыл №16, 32, 37 мектептерге әрқайсысы 525 орындық жапсарлас ғимарат салынады.
Сонымен қатар, балабақшалар құрылысы жалғасады: Көктал-2 ауданында балалар тәулік бойы болатын 240 орындық мамандандырылған санаториялық мектепке дейінгі мекеме, № 8 «Рябинка» балабақшасына жапсарлас салынған 60 орындық ғимарат.
Денсаулық сақтау нысандарының ішінде келер жылы Железнодорожный тұрғын алабының солтүстік-шығысында орналасқан 500 кереует-орындық туберкулезге қарсы диспансердің құрылысы аяқталмақ. Сондай-ақ, сот-психиатрия сараптамасы бөлімінің құрылысы аяқталып, жедел медициналық жәрдем станциясын (тәулігіне 274 шақыру) салу жұмыстары жалғасады.