Биыл асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға 89,5 млрд теңге субсидия бөлінді
Әрине, күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселелер де бар. Дегенмен, жүйелі жоспарлар жасалып, ел игілігі үшін атқарылған ауқымды істер де аз емес. Мәселен, биыл мал шаруашылығы өнімдерінің импортын алмастыру және қайта өңдеу кәсіпорындарының қуатын арттыруға байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, кәсіпорындар салу және жаңғырту бойынша бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде жоспар құрған.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов саладағы іске қосылатын өндірістік кәсіпорындар туралы айтқан еді.
«Осы инвестициялық жоспар бойынша, жылына 99,6 мың тонна сүт өндіре алатын 41 тауарлы сүт фермасы, өндірістік қуаты жылына 41,3 мың тонна болатын етті бағыттағы 9 құс фабрикасы, жылына 172 млн дана тағамдық жұмыртқа шығаратын 4 құс фабрикасы, жылына 125 мың тоннадан астам құрама жем шығаратын 5 кәсіпорын, 97,7 мың тонна сүтті өңдейтін кәсіпорындар, жылына 45 мың тонна ет өнімдерін өндіре алатын 3 ет комбинаты толық қуатында іске қосылады».
2020 жылы 16,8 мың бас ірі қарасы бар және жылына 102,6 мың тонна сүт өндіретін өнеркәсіптік және отбасылық тауарлы сүт фермасын құрып, жаңғырту бойынша 49 инвестициялық жоба іске асырылған. Оның ішінде 13,6 мың бас сиыры бар және қуаты жылына 92,4 мың тоннаға дейін сүт өндіретін 19 өнеркәсіптік тауарлы сүт фермасы бар.
«Сүтті малдың өнімділігін арттыру үшін 2020 жылы 21 703 бас ірі қара мал импортталды, оның 8 367 басы сүтті және етті бағыттағы ірі қара мал (2322 бас голштино фриз, 929 бас голштин, 250 бас джерсей, 30 бас айршир, 192 бас қызыл-ақ, 4644 бас симментал тұқымы). Биыл жалпы өндіріс қуаты 99,6 мың тонна сүт болатын тауарлы сүт фермаларын құру және жаңғырту бойынша 41 жоба іске асырылады», - деді департамент директоры.
Еркебұлан Ахметовтың айтуынша, жыл сайын республикаға сырттан 12,9 млрд теңгенің 101 млн дана тәуліктік балапандары мен асыл тұқымды жұмыртқалары әкелінеді екен. Дегенмен, өзіміздің репродукторларды дамыту жобасы да қолға алынған.
«Асыл тұқымды өнімнің көбі Ресейден, Еуропалық одақ елдерінен және АҚШ-тан импортталады. Еліміздегі құс фабрикалары құстың аталығы мен аналығын өсірумен және оларды будандастырумен айналысады. Қазіргі уақытта республикадағы 8 репродуктор асыл тұқымды құс өсірумен айналысады. Отандық өндіріс есебінен жұмыртқа бағыты бойынша ішкі нарықтың 25%-на дейін және бройлер бағыты бойынша 40%-ға дейін қамтамасыз етіледі. Тәуліктік балапандардың ішкі өндірісін ынталандыру үшін бюджеттен жыл сайын 1 млрд теңге бөлінеді. 2019 жылы Алматы облысындағы «Алель Агро» ЖШС базасында ет бағытындағы асыл тұқымды репродуктор пайдалануға берілді.
Оның өндірістік қуаты компаниялар тобына кіретін барлық бройлер құс фабрикаларының қажеттілігін қамтамасыз етуге жетеді. Сондай-ақ, Ақмола облысында қуаты 33 миллионға жететін «Макинск құс фабрикасы» ЖШС бройлер бағытында репродуктор салу жобасының құрылысы жүріп жатыр. Бұл кешенді іске қосу ішкі нарықтың қажеттілігін 40%-дан 50%-ға дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құс шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде асыл тұқымды өнімдерді өндіру «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында қаржыландырудың басым бағыттарының тізіміне енгізілген. Қазіргі уақытта осы бағыттарды қаржыландыру екінші деңгейдегі банктер арқылы да жүзеге асырылады», - дейді Е.Ахметов.
Биыл асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын жақсартуды субсидиялауға бюджеттен 89,5 млрд. теңге бөлінген. Бұл – шаруаларға үлкен көмек болары сөзсіз.
«Асыл тұқымды мал басының санын көбейтуді, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайтуды, оның сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруды ынталандыру мақсатында мемлекет фермерлерді жергілікті бюджеттен екі бағыт бойынша тікелей субсидиялау арқылы қолдау шараларын жүзеге асырады.
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау мынадай бағыттарда жүзеге асырылады:
- отандық тауар өндірушілер отандық және шетелдік шаруашылықтардан сатып алған асыл тұқымды ірі қара малдың, қойлардың, айғырлардың, түйелердің асыл тұқымды төлдерін және құстардың тәуліктік балапандарының құнын (50%-ға дейін) арзандату;
- сиыр, қой, марал (бұғы) аналық басына, сондай-ақ бал арасына селекциялық және асылдандыру жұмыстарын жүргізу шығындарын азайтуға;
- жеке және заңды тұлғалардың тауарлық және қоғамдық табынның/отардың өсіміне пайдаланылатын етті және етті-сүтті бағыттағы асыл тұқымды бұқаларын немесе қошқарларын күтіп-бағуға жұмсалған шығындарын азайтуға;
- сүтті және етті бағыттағы асыл тұқымды бұқа сатып алынғанда оның құнын арзандатуға;
- эмбриондарды телу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді субсидиялауға;
- асыл тұқымды және дистрибьютерлік орталықтардың шаруа (фермер) қожалықтарындағы және ауыл шаруашылығы коперативтеріндегі ірі қараны немесе қойды қолдан ұрықтандыру қызметін субсидиялау.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді субсидиялау мынадай бағыттарда жүзеге асырылады:
- бордақылау алаңына өткізілген немесе ет өңдеуші кәсіпорындарға өткізілген еркек тайыншалардың/қошқарлардың құнын арзандату;
- сүт өндіру (сиыр, жылқы, түйе сүті), құс еті (бройлер құс еті, күркетауық, суда жүзетін құс еті), тағамдық жұмыртқа (тауық жұмыртқасы) өндіру құнын арзандату;
- мал азығына кеткен шығындардың құнын арзандату.
Cубсидия асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігн және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларында көрсетілген субсидия алуға үміткер тауар өндірушілерге қойылатын барлық талаптар мен өлшемшарттарға сай келген жағдайда төленеді.
Бұдан бөлек, мал шаруашылығымен айналысу үшін мал, қажетті ауыл шаруашылығы техникаларын, машиналар мен жабдықтарды сатып алу, мал өсіруге арналған нысандар салу, жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын жүргізу және шаруаларды сумен қамтамасыз ету (құдықтар, ұңғымалар) бойынша инвестициялық салымдар жасалғанда шыққан шығындардың бір бөлігін өтеу үшін инвестициялық субсидия беріледі», - деді департамент директоры Еркебұлан Ахметов.
Шаруалар мал өнімдерін өткізген кезде берілетін субсидия көлемін де жұрттың біліп жүргені абзал.
Департамент директорының айтуынша, сиыр сүтін өндіру құнын арзандату үшін өрістегі сиырларының саны 600-дан басталатын шаруашылықтарға сүт өндіру құнын арзандату үшін төленетін субсидия нормативі 45 теңгені, 400 бастан басталатын шаруашылықтарға – 30 теңгені, 50 бастан басталатын шаруашылықтарға және ауыл шаруашылығы коперативтеріне – 20 теңгені құрайды.
Құс етін өндіру құнын арзандату үшін нақты өндіріс көлеміне байланысты өткізілген килограмына 40-80 теңгеден субсидия төленеді.
Сонымен қатар, бордақылау алаңдарына немесе ет өңдеуші кәсіпорындарға өткізілген еркек тайыншалардың тірі салмағының келісіне 200 теңгеден және өткізілген еркек тоқтылардың әр басына 3000 теңгеден субсидия төленеді.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін қолдау үшін 6-дан 8 %-ға дейін жылдық пайыздық мөлшерлемесі, қайтарудың ұзақ мерзімі бар, сондай-ақ оны алу кезінде кепіл саясатын оңтайландыру мүмкіндігін көздейтін жеңілдетілген несиелер беретін бағдарламалар бар. Яғни, мал шаруашылығымен айналысқысы келген шаруаларға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы «Сыбаға», «Агробизнес» «Іскер» «Ырыс», «Қарапайым заттар экономикасы», «Мал шаруашылығын дамыту» «Еңбек» бағдарламалары арқылы несие алу қарастырылған. Бағдарламалар бойынша толық ақпаратты Аграрлық несие корпорациясының 5115 және Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының 8 800 0803505 бірыңғай байланыс нөмірлеріне хабарласуға болады.