Биыл Атырауда 9 балабақша пайдалануға беріледі

Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Садуахасова мәліметінше, өңірде 42 895 баланы қамтитын 319 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді.
Оның ішінде 252 мемлекеттік, 67 жекеменшік бақша бар.
«Мектепке дейінгі тәрбие беретін мекемелердің 151-і – балабақша, 101-і – шағын орталық. Бұлардағы 38 884 бала тәрбие алады. Ал, жекеменшік мектепке дейінгі ұйым саны 67, оның ішінде 58 балабақша, 9 шағын орталық бар. Жеке иеліктегі мекемелердегі контингент 4011 баланы құрайды», -дейді Гүлнар Садуахасова.
Оның айтуынша, балабақшаға кезекті толық жою мақсатында облыс бойынша 2025 жылға дейін 56 мектепке дейінгі білім нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
«Қазір Атырау қаласында жалпы сыйымдылығы 2610 орындық 9 балабақшаның құрылысы аяқталып, құжаттары жасақталып жатыр. Содан кейін пайдалануға беріледі. Жаңа балабақшалар Атырау қаласындағы Самал, Береке, Батыс Береке, Ақжар-2, Еркінқала-2 шағын аудандарында, сондай-ақ, Әбілқайыр хан, А.Байтұрсынов, Белинский, Бейбарыс көшелерінде орналасқан. Бұл балабақшалардың бәрі 290 орынға есептелген», -деп мәлім етті Гүлнар Садуахасова.
Өткен жылы Атырау облысында балабақшамен қамту көрсеткіші 82%, мектепалды даярлықпен қамтамасыз ету 100% құраған.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 160 орындық жаңа балабақша ашылғанын жазған болатынбыз.
Кейін Атырауда тағы бір жаңа балабақша бой көтеріп, пайдалануға берілді.
Фото: өңірлік коммуникациялар қызметі