Биыл «Б» корпусының резервінде тұрғандардың 50 пайызын жұмысқа орналастыра алмадық - Қ. Қожамжаров

«Ауылдық жерлерге мемлекеттік қызметшілерді қабылдаудың конкурсындағы шекті белгілеу өзекті мәселе болып табылады. Өйткені, аудандардан ауылға қарай баратын адам жоқ бізде, ондай үміткерлер тапшы. Сол себепті біз оған көзқарасымызды өзгерттік. Қазіргі күні тестілеу бағдарламасы да олар үшін қиындау. Атқаратын ісіне, функциясына сай келмейтін жағдайлар бар. Осыған байланысты тестілік мәнге өңірлер бойынша бір ғана шек қойып отырмыз, сосын негізінен кандидаттың кәсіби деңгейіне назар аударсақ дейміз», - деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров.
Оның айтуынша, соңғы уақытта кадрлық резерв мәселесі де өзекті болып отыр.
«Мәселен, биылғы жылы біз «Б» корпусының резервінде тұрғандардың елу пайызын жұмысқа орналастыра алмадық. Олардың уақыты келген сайын алынып тасталады. Осының өзі мемлекеттік қызметшілер арасында бұның дұрыс, бұрыстығына қатысты көп әңгіме туғызып отыр. Осындай олқылықты жоюды көздеп отырмыз», - деді Қ. Қожамжаров.