Биыл Баку порты арқылы жүк тасымалдау көлемі 3,2 есе өсті
«Әзербайжан-Қазақстан қарым-қатынасы дамып келеді. Тауар айналымы өсім көрсетіп отыр. Бірақ тараптар арасындағы экономикалық өзара іс-қимылдың әлеуеті бірнеше есе көп. Энергетика, көлік, АӨК, бизнес-құрылымдар арасындағы өзара іс-қимыл салаларында ынтымақтастықты арттыру үшін үлкен әлеует бар», - деп атап өтті сарапшы.
Оның айтуынша, геосаяси және геоэкономикалық жағдайлар Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуді талап етеді. Осыған байланысты негізгі бағыттардың бірі көлік саласы саналады.
«Біз Қазақстанның Middle Corridor деп аталатын Транскаспий халықаралық көлік дәлізін белсенді пайдалануға ұмтылысын көріп отырмыз. 2022 жылдың 7 айында Қазақстаннан Баку халықаралық теңіз порты арқылы жүк тасымалдау көлемі шамамен 1 млн тоннаны құрады және өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 3,2 есе өсті. Әзербайжанда Қазақстаннан жүктерді ауыстырып тиеу көлемін айтарлықтай арттыру үшін дайын көлік инфрақұрылымы бар», - деді Анар Азизов.
Экономист Қазақстан Президенті елдің теңіз флотын нығайтуға ниетті екеніне назар аударды.
«Әзербайжан кеме жасау зауытын салғаны белгілі. Осылайша, Әзербайжан тарапы Қазақстан үшін кез келген теңіз кемелерін жасау тапсырыстарын орындай алады. Қазақстанда темір жол локомотивтерін шығаратын зауыт бар және қазақстандық тарап Әзербайжаннан осы бағытта жаңа тапсырыстар ала алады», - деді ол.
Сондай-ақ, оның айтуынша, бизнес-құрылымдар арасындағы өзара іс-қимыл, бірлескен өнеркәсіптік және аграрлық кәсіпорындар құру саласында да мол әлеует бар. Елдердің азық-түлік қауіпсіздігін күшейту қажеттілігі аясында АӨК саласы да ерекше қызықты. Сондықтан Баку мен Нұр-Сұлтан үшінші елдерге жылдық өнімді жеткізу мүмкіндігімен бидай, аграрлық өнімнің басқа да түрлерін өндіру саласындағы жобаларды талқылай алады. Бүгін Бакуде Әзербайжан-Қазақстан Іскерлік кеңесінің бірінші отырысы өтеді. Оның қорытындысында бірқатар құжатқа қол қою жоспарланған.
«Энергетика саласындағы ынтымақтастық басым бағыттардың бірі екені сөзсіз. Бүгінде Қазақстан мұнай экспортымен белгілі бір қиындықтарды бастан кешуде және мұнай өндіруді ұлғайту жоспарларын ескере отырып, жаңа бағыттар іздеуде. Әзербайжан бұл үшін бағыттардың бірі бола алады. Оның үстіне Әзербайжан тарапы бұл мәселені Қазақстан тарапының алдында көтерген де еді. Иә, ол үшін бірқатар техникалық мәселелерді шешу қажет және үкіметаралық комиссия аясында бұл мәселелерді шешуге болады. Сонымен қатар, тараптар мұнай-газ жабдықтарын өндіру және қызмет көрсету, мұнай-сервистік қызмет көрсету саласында белсенді ынтымақтаса алады», - деді экономист.
Анар Азизов уағдаластықтарды іске асыру екіжақты қарым-қатынасты сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді деп санайды. Бұдан басқа, тараптар алдағы жылдары өзара тауар айналымын ұлғайту және оны жаңа бірлескен жобалар есебінен 1 млрд долларға дейін жеткізу міндетін қояды деп күтуге болады.