Биыл бақылау талаптарын бұзған мемлекеттік органдардың 600 лауазымды адамдары жауапкершілікке тартылды

Биылғы 11 айда өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда жалпы тіркелген тексерулер саны 24 пайызға (86 841-ден 107 743-ке) артты. Сондай-ақ, кәсіпкерлерді тексеру саны 64 пайызға (30 807-ден 50 604-ке) өсті. Атап айтқанда, ағымдағы жылғы өсім өткен жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге жүргізілген мораторийге байланысты болып отыр. Тексерілетін субъектілердің қызметіне заңсыз араласудан қорғау мақсатында Комитет 836 тексеру тағайындау актісін тіркеуден бас тартты, соның ішінде 418 (578) жеке кәсіпкерлерлік субъектілеріне қатысты. Белгілі болғандай, аталған мерзімде 472 заңсыз тексеру анықталды, оның ішінде 213-і жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты. «Тексеруді тіркеуден бас тартудың басым бөлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау (182), салық органдары (105), жер ресурстарын басқару органдарына (85), әкімдік (69), еңбек органдары (68), төтенше жағдайлар (64), ветеринарлық бақылау және қадағалау (59) органдарына қатысты қолданылған», - делінген комитет мәліметінде. Аталған мерзімде мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы заңнаманың талаптарын бұзғаны үшін қолданылған прокурорлық ықпал ету шараларымен мемлекеттік органдардың 600 лауазымды адамдары заңмен көзделген жауапкершіліктерге тартылған.