Биыл Батыс Қазақстанда 1364 отбасы баспаналы болады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес биыл 10 көп пәтерлік, 24 бір пәтерлік тұрғын үйлер мен 11 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысанын салуға 6 469,910 млн. теңге бөлініп отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

БҚО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Антазиевтің Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында мәлім еткеніндей, тұрғын үй құрылысына 6 221,766 млн. теңге қаралса,  соның ішінде Ұлттық қордан 2 031,117 млн. теңге, ішкі зайым есебінен 2 459,709 млн. теңге, жергілікті қазынадан 62,681 млн. теңге берілмек. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 1 916,403 млн. теңге, соның ішінде Ұлттық қордан 1 118,992 млн. теңге, республикалық қазынадан 319,648 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 540,444 млн. теңге жұмсалмақ.

2017 жылы 10 көп пәтерлік (1318 пәтер), ауылдық елді мекендерде 24 тұрғын үй, барлығы 1364 пәтерді пайдалануға беру көзделуде. Биыл мемлекеттік қолдау арқылы 113,7 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосу жоспарлануда. Оған қоса 11 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысаны құрылысы жалғасуда.

Айта кетейік, өткен жылы 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасына сәйкес 16 көп пәтерлік, 25 бір пәтерлік тұрғын үйлер мен 39 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысанын салуға 16,7 млрд. теңге бөлінген болатын. Соның ішінде тұрғын үй құрылысына 11 883,8 млн. теңге бағытталды. Жыл қорытындысында барлық қаржы көздері есебінен 189,3 мыңның орнына 275,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл жылдық жоспардан 45,5 пайызға, алдыңғы жылғыдан 5,2 пайызға артық. Мемлекеттік қолдау арқасында 71,5 мың шаршы метр (939 пәтер) тұрғын үй іске қосылды, бұл 2015 жылғыдан 56,1 пайызға көп. 39 инфрақұрылым нысанының 20-сы мәреге жетсе, соның ішінде 193,2 км электр, 83,1 км сумен қамту, 28 км газ, 4,7 км кәріз, 14 км су бұрмалары желісі тартылып, 6 км кварталішілік жол салынды. 19 нысан бойынша жұмыс 2017 жылға ауысты. Барлығы 5178 жер теліміне инженерлік желілер жеткізілді.

«Биыл облыс бойынша жеке үй құрылысын салуға 3417 жер телімі берілетін болады», -деді Ә.Антазиев.

Соңғы жаңалықтар